Петропавл әкімдігіне тиесілі коммуналдық мекеменің кәсіпкерлерге 1 млрд теңге қарызы бар

Самат Жақып

Осыдан екі жыл бұрын қаланы безендірген компания ақшасын толық ала алмай жүр

көрнекі фото: ашық дереккөзден

Петропавл қаласы әкімдігіне тиесілі коммуналдық кәсіпорын жеке кәсіпкерлерге 1 миллиард теңгедей қарыз болып қалған. Бұл соңғы екі жылда жиналып қалған берешек. Алайда, аталған мекеме бұл қарызды қайтаруға асығар емес, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Бизнес өкілдері Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасында бас қосып, проблемасын жеткізді. Айтуынша, 2020-2021 жылдары коммуналдық кәсіпорынның тапсырысы бойынша 30-ға жуық кәсіпкер шаһарды абаттандыру, көшелерді қыста қардан аршу және жинап-сыпыру сынды жұмыстарды атқарған. Дегенмен жауапты мекеме 100 пайыз есеп айырыспаған. Тек бір бөлігін ғана төлеген. Қарызын уақытылы алмаған мекемелердің кейбірі банкротқа ұшыраған.

«Коммунхоз» кәсіпорны бастапқыда менің фирмама 91 млн 700 мың теңге қарыз болды. Қаржыны уақытылы төлемегеннен кейін біз ұйым басшылығына бірнеше рет шағым жібердік. Олар жағдайды қалалық тұрғын үй-коммуналдық шарушылығы бөлімі қаржы бөлген жоқ, күте тұрыңыздар деп түсіндіріп келді. Сөйтіп жүргенде міне екі жылдай уақыт өтті. Ақыры, былтыр маусым айында қарызының 10 миллион теңгесін ғана өтеді. Осылайша біз сотқа жүгіндік. Олар бізді қолдады. Бірақ коммунхоздың жеке мүлкі болмай шықты. Сондықтан қалған 81 миллион теңгені әлі күнге дейін ала алмай жүрміз. Солардың кесірінен мен қарызға басттым. Тіпті үйімді сатып, жұмысшыларға жалақы төлеуге мәжбүр болдым», - дейді петропавлдық кәсіпкер Амбарцум Искандарян.

Аталған коммуналдық мекемемен келісім жасап, сан соғып қалған кәсіпкердің бірі - Александр Ушаков. Бизнесмен осыдан екі жыл бұрын қаланы Жаңа жыл мерекесіне орай безендірген екен. Ол үшін 43 миллион теңге жұмсаған. Бұл азаматта қазір өзіне тиесілі ақшасын қайтара алмай дал.

«2020 жылы біз коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынмен қаланы абаттандыру бойынша арнайы келісім жасастық. «Коммунхоз» басшысы сол кезде маған төлемнің тек жартысын ғана өтеді. Қалғанын әлі бермей жүр. Осы іске қатысты сот отырысы да өтті. Сот мені жәбірленуші тарап деп танып, «Коммунхоз» қалған 16,5 млн теңгені төлеуге міндеттелді. Алайда, сот орындаушысы бұл соманы өндіріп ала алмайды. Себебі, қазір ұйымның шотында бір тиын ақша жоқ», - дейді кәсіпкер Александр Ушаков.

ҚАЛАЛЫҚ ӘКМІДІКТЕН АҚША БӨЛІНГЕН, БІРАҚ ОЛ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ЖЕТПЕЙ ОТЫР

Ал «Коммунхоз» компаниясы биыл жұмысын тоқтатқан. Алайда, әлі күнге дейін өзін банкрот деп жарияламаған. Атамекен палатасында өткен жиынға аталған кәсіпорыннан ешкім келмеді. Ал оның құрылтайшысы - Петропавл қалалық әкімдігі, аталған коммуналдық кәсіпорынның алдында еш берешегі жоғын айтып жауапкершіліктен жалтарып отыр. Петропавл қаласы әкімінің міндетін атқарушы Жанболат Батырбеков болса, қаржының бәрі ұйымның есепшотына шотына аударылғанын айтады. Бірақ ол қаражат қазір қайда? Жиын барысында оны ешкім дөп басып айта алмады.

«Қазір «Коммунхоз» кәсіпорны расында берешегін өтей алмай отыр. Сондықтан ұйымды банкрот деп тану қажет. Ал қалалық әкімдік заң бойынша бұл қарызды өтеуге міндетті емес. Қолда бар актілер бойынша біз толықтай төлем жасадық. Біздің еш қарызымыз жоқ. Қосымша ешқандай шарт болған емес. Жалпы қазір қалалық әкімдік тапсырысты коммуналдық кәсіпорын арқылы жүзеге асырмайды. Біз мемлекеттік тапсырысты тендер арқылы жүргізіп жатырмыз», - дейді Петропавл қаласы әкімінің міндетін атқарушы Жанболат Батырбеков.

Айта кетейік, қарызға белшеден батқан коммуналдық кәсіпорынға қатысты 18 атқарушылық іс қозғалған.