×

Елордалықтар биыл 10 мыңға жеткізілетін көк жолақты тұрақтарға қарсы

Қаладағы барлық ақылы тұраққа көлігіңізді беймарал қойып жүргіңіз келсе, айына 15 мың теңге төлейтін абонемент бар

 Еркеғали Болатұлы 23.06.2022 | 10:08
фото: ашық дереккөз

Елордада көк жолақты ақылы автотұрақтар көбейіп жатыр Сағаты – 100 теңге. Әкімдік жыл соңына дейін орын санын 10 мыңға жеткізбек. Осылайша қаладағы көлік қозғалысын реттеуді жоспарлап отыр. Тек оған тұрғындардың көпшілігі қарсы. Үй алдындағы тұраққа ешқайсысының ақша төлегісі келмейді. Бірақ жәй ғана қарсылықпен мәселе шешілмейтін сыңайлы. Өйткені ақша төлемегендер шетінен айыппұл арқалап жатыр деп хабарлады КТК телеарнасы.

Тұрақтар қазір таңертеңгі 10-нан кешкі 20:00-ге дейін ғана ақылы. Түнгі уақыт пен демалыс күндері ғана тегін. Жалпы, елордада ақылы тұрақтар осыған дейін тек сауда орталықтары мен демалыс саябақтарына қойылған болатын.

Ал атышулы көк жолақтардың авторы «Астана көлік тұрағы кеңістігі» мекемесінің өз уәжі бар. Кей жүргізушілер бос орынға көлігін бірнеше сағат емес, апталап қойып кетеді екен. Ол төтенше жағдайда немесе көшені қардан тазартатын шақта кедергі келтіреді. Мекемедегілер осылайша жауапсыз көлік иелерін тәртіпке шақырмақ. Әрі астанадағы көлік кептелісін азайтамыз деген сенімде.

Автотұрақ маңындағы үйлердің тұрғындары үшін айына 1500 теңге тұратын резиденттік абонемент жұмыс істейді. Ал жұмыс істейтін жеріңіздегі орынды 9 мың теңгеге сатып алсаңыз болады. Қаладағы барлық ақылы тұраққа көлігіңізді беймарал қойып жүргіңіз келсе, айына 15 мың теңге төлейтін абонемент бар. Мысалы сіз курьер болып жұмыс істесеңіз, өте қолайлы, - дейді «Астана көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС-нің директоры Шыңғыс Досыбаев.

Қазір елордалық 1 миллионнан аса тұрғынның жартысында көлік бар. Олар ақша үкіметке түспей, жеке бизнестің қалтасын толтырады деген пікірде. Өйткені Алматыда да тура осындай жүйе – «А-Пракинг» басшылары жылдар бойы жүргізушілерден жинаған миллиардтарды қалтаға басып, дәл қазір істі болып жатыр. Ал компанияның өзі үлкен шудан соң әкімдік меншігіне енді өтті.

Батыс елдерінде ақылы тұрақтан жиналған қаржы қоғамдық көлікті жаңартуға, жөндеуге, сатып алуға жұмсалады екен. Ал елордада 2018 жылдан бері қойыла бастаған ақылы тұрақтардан осы уақытқа дейін 1,5 миллиард теңге түскен. Қала әкімдігіне соның бар-жоғы 5 пайызы ғана беріліпті. Алайда әкімдік биыл тұрақтардың көбеюіне байланысты, енді 25 пайызын аламыз деп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама