Ақан Сатаевтың фильмі өндіріс шығынын ақтай ала ма?
Жуырда премьерасы өткен «Ұлы дала таңы» фильмі 12 мамырдан бастап ел кинотеатрларында көрсетіліп келеді. Осы орайда Мәдениет және спорт министрлігі фильмге мемлекет есебінен қанша қаржы бөлінгеніне және киноөндіріс шығындарына қатысты Halyq Uni тілшісінің сұрағына жауап берді.
Түсірілім жұмыстары басталмай жатып-ақ дауға ұласқан фильмнің бюджетіне қатысты ақпарат ресми жарияланған емес. Министрліктің берген жауабында фильмге республикалық бюджеттен 4 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген.
«2019 жылы дайындық жұмыстары болды. Оның шеңберінде республиканың 15 өңірі өкілдерінің қатысуымен басты және қосалқы рөлдерге кастинг өтті. Барлығы 34000-нан астам үміткер қаралды. Сондай-ақ, қосымша рөлдерге арналған костюмдер тігілді, реквизиттер мен бутафориялар, сондай-ақ қару-жарақ сатып алынды. Республикалық бюджеттен бөлінген 3 млрд 800 000 млн теңге толығымен өз мақсатына пайдаланылды», - делінген ресми жауапта.
Министрліктің хабарлауынша, бөлінген қаржыға 2 мың данаға жуық қару-жарақ, мыңнан астам костюм, 500-ден астам жылқы жалға алынған. Сондай-ақ, фильмнің өндірісіне жалпы саны 3 мыңнан аса адам қатысқан.
ТАБЫСТЫҢ ТЕҢ ЖАРТЫСЫ КИНОТЕАТРЛАРДА ҚАЛАДЫ
Қазір кинотеатрларда көрсетіліп жатқан фильмнің билеті 1000-2000 теңге аралығында сатылып жатыр. Мемлекеттің есебінен түсірілген фильм өндірістік шығынды ақтай алмайтындығы осыған дейінгі тәжірибелерден анық байқалған. Осы орайда министрліктен фильм бір ай ішінде қанша табыс тапқанын сұрап көрдік.
«Прокаттан түскен қаражат туралы толық мәліметті әзірге беру мүмкін емес. Осы ретте еліміздегі барлық кинотеатрлар жекеменшік екенін ескере отырып, прокаттан түскен табыстың 50%-ы кинотеатрларда қалатынын айта кету керек», делінген баспасөз хабарламасында.
Министрліктің ақпаратына сәйкес, аталған фильмнің дистрибуциясы прокатпен ғана шектелмейді. Кинотеатрларда көрсетілімі аяқталған соң фильм телеарналарға және стриминг-платформаларға шығады.
«ДЕКОРАЦИЯСЫ ЖҰТАҢ, СЦЕНАРИЙ ШАЛАҒАЙ»
Фильмнің премьерасына алғашқы болып барған көрермендер арасында туындының идеялық-көркемдік мазмұнына қатысты түрлі пікір айтылды.
Мәселен Азаматхан Әміртай «Ұлы дала таңы» Қасымхан образын аша алмағанын, декорациясы жұтаң, сценарийі шалағай екенін айтады.
Тым жұпыны. Ханға тән салтанатты 12 қанат үйлер жоқ. Сондай-ақ ханның аузына аталы сөздер, батырдың аузына адамның рухын көтеретін отты сөздер сала алмаған. Бүгінгі күннің тілімен сөйлейді. 5 ғасыр бұрынғы адамдардың сөз саптауы да өзгеше болмай ма? Тағы бір кемшілігі, айналасындағылар саңырау, құлағының қақасы бар деп ойлай ма, қайсы болсада кіжініп, айқайлап, күшеніп сөйлейді. 2 сағаттық кинода Қасым ханның бүкіл өмірін тықпалаған. Содан болар, ірімтік-ірімтік бірдеңе шыққан. Ешқандай оқиға желісі жоқ, деп жазды ол фейсбук парақшасына.
Әлеуметтік желі қолданушыларының кейбірі фильмді көру үшін ақша, уақыт құртып кинотеатрға барудың қажеті жоқтығын атады.
«Алдағы мерекелердің бірінде теледидардан тегін, үйде отырып көре салуға болады. Бұрынғы биліктегілерді айналшықтап, астауынан жем жегендердің қыруар қаражатқа түсірген «шедеврі», – деп жазды журналист Ришад Асқарбекұлы.
ИТ ҚУДЫ, ҚОЯН ҚАШТЫ
Толықметрлі фильм 2018 жылы «Қасым хан» атауымен 75 сериялы телехикая ретінде түсірілмек болды. Жобаға «Аңыз», «Ертұғырыл» сынды танымал сериалдардың авторы, белгілі түрік режиссері Метин Гюнай таңдалды. Алайда алғашқы сценаристердің бірі, жазушы Смағұл Елубай өзінің жобадан тыс қалғанын айтып, министрлікке ашық хат жолдады. Осылайша көрерменге кешігіп жол тартқан фильмнің сценариін жазуға жан-жақты талас басталып, «ит қуды, қоян қаштымен» талқылау барысы ұзаққа созылды. 2020 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Қасым хан» сериалының түсірілімінде 30 миллион теңгеге жуық қаражат ұрланғанын хабарлады.
Ұзаққа созылған дау-дамайдан соң фильмді түсіруге Ақан Сатаев бекітіліп, сценарий авторлары ретінде Бекболат Шекеров, Назира Бақаева (Ақан Сатаевтың бұрынғы әйелі – ред.) және Ақан Сатаев көрсетілді.
«Тарихи туындыны шетелдік маманның түсіруіне еліміздің зиялы қауым өкілдері министрлікке қарсылығын білдіріп, бірнеше хат жолдады. Осыған байланысты Метин Гюнайдың орнына отандық кәсіби режиссер ретінде Ақан Сатаев шақырылды. Әрбір қоюшы режиссердің киножобаның болашағы туралы өзіндік көзқарасы бар екенін ескере отырып, фильм тұжырымдамасы өзгертілді. Осыған байланысты режиссер сериалдың орнына толық метрлі көркем фильм түсіруді ұсынды, өйткені мұндай фильмдердің республикалық және халықаралық прокатқа шығу әлеуеті зор», – деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметі.
Назира Бақаеваның кино саласында 1980 жылдары екі фильмге түскені ғана болмаса, ауыз толтырып айтатындай тәжірибесі жоқтың қасы. Бұл орайда Сатаевтың бұрынғы әйелінің мұндай үлкен жобаның сценарий жұмысына араласуына көпшілік күмәнмен қарады. Ұзақ жылдардан бері отбасында бала тәрбиесімен айналысқан Бақаева кейін әлеуметтік желілерде психолог маман ретінде көріне бастады.
Мұндай сын Ақан Сатаевқа бұдан бұрын да айтылған-ды. Мәселен, оның режиссерлігімен түсірілген «Боксер» фильмінің сценарийін актриса Альмира Тұрсын жазған болатын. Ресми емес дерекөздерде сценарий жазуға қомақты қаржы – 67 млн теңге төленгені айтылады.
«АШЫҚТАН АШЫҚ ҚАРЖЫ ЖЫМҚЫРУ»
Осы орайда біз мемлекет есебінен түсірілетін көркем фильмдердің неліктен өндіріс шығынын ақтай алмайтындығын кинотанушы маман Дана Әмірбековаға қойып көрдік. Оның айтуынша, басты себеп – кинотеатрлар санының аздығы.
Мемлекет тапсырысымен түсірілетін фильмдермен соңғы жылдары «Ұлттық киноны қолдау орталығы» айналысады. Демек қаражаттың барлығы осы орталықтан бөлініп, осы орталықтан шешіледі. Егер біз түсірілген фильмдердің шығынын толық қайтарғымыз келсе, кино көру мәдениетін қолға алуымыз қажет. Кинотеатрлардың дені үлкен мегаполистерде ғана орналасқан. Сондықтан шет аймақтардағы аудан, ауыл орталықтарынан кинозалдардың ашылуына мемлекет назар аударуы қажет. Қазақстанда 300-ден астам кинозал бар, пандемия кезінде олардың көбі жабылып қалды, – дейді Дана Әмірбекова.
Кинотанушы маман мемлекет бюджетінен қомақты қаржы бөлінген «Ұлы дала таңы» фильмінің бірнеше кемшілікті тұстарын атады.
«Сатаевтың соңғы кездегі шығармашылығына қатысты көптеген сыни пікір айтылып келеді. Бізде Сатаевтан басқа да кино тілін терең меңгерген, оған қоса тарихты жетік білетін режиссерлер бар. Бірақ ондай мамандар белгілі бір себептермен мұндай үлкен фильмді түсіруге жолдама ала алмайды. Ал арнайы кәсіби білім жоқ адамдардың сценарий жұмысына араласуы және қаламақы есебінен қомақты қаржыны миллиондап алуы дұрыс емес. Бұл – сыбайластық жолмен ашықтан ашық қаржы жымқырудың бір түрі деп есептеймін! Режиссердің кейпін жасап, рөлін ойнайтындар көп, шынайы суреткерлер аз. Бізде Дулат Исабеков, Смағұл Елубай сынды беделді киносценаристер бар», – дейді ол.
Оның айтуынша, фильм режиссурасында тарихи кезеңдерге қатысты қайталама, таптаурын шаблондар көп кездеседі. Ұлы тұлғалардың бейнесі экран арқылы қалыптасатын болғандықтан, тарихи бұрмалауға көрерменді сендіру оңай.
«Фильм сюжетінде тарихи кезеңдерге қатысты өте көп кемшіліктер бар. Сатаевтың фильмдеріндегі өрескел қателік – тарихты бұрмалау басым. Көркем фильм болғандықтан аз-маз өзгерістер болса кешірімді дер едік. Бірақ тарихи шындық оқиға желісінде сақталуы тиіс. Өйткені бүгінгі көрермен мұның барлығын шынайы дерек ретінде қабылдайды», – дейді маман Halyq uni тілшісіне берген сұхбатында.