Шымкент дендросаябағы директорының орынбасарына сөгіс жарияланды
Қалалық фотографтар мемлекеттік кәсіпорын үстінен шағымданды
Шымкент қаласының 200-ден астам фотографтарының атынан А.Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағына кіру құны жай азаматтар үшін 35 теңге, ал, фотосессия жасауға келген фотографтар үшін 500-1000 теңге екендігі туралы шағым түсті.
«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласындағы филиалы қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына неліктен дендросаябаққа кіру үшін фотографтар көп төлейтінін түсіндіру туралы хат жолдады.
Аталған арыз негізінде Дендросаябақтың қызметіне тексеріс жүргізіліп, фотографтар үшін 500-1000 теңге алу жағдайы заңсыз екендігі анықталды.
Себебі, А.Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынның аумақтарында көрсететін қызметтер үшін тарифтер мөлшері Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2017 жылғы 18 сәуірдегі қаулысымен бекітіліп, осы қаулының күші Түркістан облысы әкімдігінің 2022 жылдың 29 сәуірінде жылғы қаулысымен жойылған.
Осыған сәйкес фотографтардан билетке артық ақша талап еткені үшін Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынның директорының орынбасары Н.Сахановтың тәртіптік жауапкершілікке тартылып, оған сөгіс жарияланған.
Сондықтан, Шымкент қаласының фотографтарына Дендросаябаққа кәдімгі ел қатарлы билет құнын төлеп кіруге болатынын хабарлағымыз келеді.