Шаруалардың бірі - 85 млн теңге қаржысын, бірі 42 млн теңгесін қайтара алмай жүр
Шенеуніктердің уәдесіне сеніп қалған павлодарлық кәсіпкерлер қарызға белшесінен батқан. Шаруалардың алды 85 млн теңгеге дейін несие алыпты. Шетелден асыл тұқымды ірі қара мал әкеліп беруге тиіс оператор сөзінде тұрмаған. Ал несие алуға көндіріп, алаяқ кәсіпкердің құрығына іліп берген шенділер «өздерің соттасып, қаржыларыңды өндіріп алыңдар, бұл біздің мәселе емес деп» басын алып қашып жатыр екен.
Баянауылдық фермер Теміржан Қишев «Сыбаға» бағдарламасына қатысушылардың бірі. Ол мемлекеттен 85 млн теңге несие алыпты. Бұл қаражатты Германиядан асыл тұқымды ірі қара мал сатып әкелуге міндеттелген оператордың шотына аударған. Алайда 100 бас сиыр ақыры жеткізілмеген. Оператор екі жылдан бері ақшасын қайтармай отыр. Ал шаруа «жергілікті шенеуніктердің сөзіне алданып қалдым» деп отыр.
«Осыдан екі жыл бұрын Баянауыл ауданы ауылшаруашылық бөлімінің сол кездегі басшысы Темірболат Төлегенов пен ауыл әкімі Жанат Мәжитов арнайы жиналыс өткізіп, бізге «несие алыңдар, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытыңдар, біз сіздерге шетелден асыл тұқымды мал жеткізетін сенімді оператор тауып қойдық» деп үгіттеп, сендірді. Енді міне, не мал жоқ, не ақшамызды қайтара алмай келеміз», - дейді Теміржан Қишев.
Тағы да алданғандардың бірі - Ақтоғай ауданының кәсіпкері Талғат Дүйсенбаев. Ол 50 бас асыл тұқымды сиырға тапсырыс беріп, оператордың шотына 42 млн теңгеден астап қаражат аударған. Тіпті, қора қопсысын салып, дайындап қойыпты.
Мен салаға жауапты шенділерге айттым. Қазір шетелден ірі қара алдырамыз деп, алданып қалған шаруалар бар. Бізді де алдап кетіп жүрмесін дедім. Бірақ, Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының сол кездегі басшысы «жоқ, бұл мәселе біздің бақылауымызда, барлығын өзіміз қадағалаймыз» деп сендірді. Енді міне, қыруар қаражатымыздан айырылып, қарызға батып отырмыз, - дейді Талғат Дүйсенбаев.
Екі жыл бұрын уәдені үйіп-төгіп, фермерлерге миллиондаған несие алдырған шенділер енді бұл мәселеден басын ала қашып отыр. «Оператормен соттасып, ақшаларыңды өндіріп алыңдар» депті.
Ал асыл тұқымды малды жеткізіп беруге жауапты қостанайлық делдал өздерінің де алданып қалғанын айтуда. Германияға бар қаражатты төлеп қойған. Алайда пандемияға байланысты карантиндік шектеулер кезінде барлық жұмыс тоқтап қалыпты. Енді, шетелден қаражатты өндіріп алу қиынға түсіп отыр екен.
«2021 жылы Германиядағы мал жеткізуші кәсіпкерді экономикалық арбитражды сотқа бердік. Сот біздің қаражатымызды толығымен қайтарып берсін деген шешім шығарды. Бүгінгі таңда сот шешімі күшіне енді. Қазір ақшаны өндіріп алу бойынша іс жүріп жатыр», - дейді делдал компания басшысы Марк Гумеров.
Еуропаға жіберілген қыруар қаржының қайту, қайтпауы белгісіз. Ал шенеуніктердің сөзіне сеніп, миллиондап қарызға батқан шаруалар тек өкініп жүр. Жақында оператор мен шаруалардың арасындағы сот басталады.
Өкінішке қарай, бұл Павлодар облысында «Сыбаға» бағдарламасына қатысты алғашқы даулы жағдай емес. Облыстың ауыл шаруашылық басқармасы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа 11 кәсіпкердің үстінен арыз түсірген. Шаруалар – кінәсіз. Алаяқ оператордың арбауына түсіп қалған. Мұны мемлекеттік мекемедегілер де біледі. Қызығы сол, алаяқ оператормен келісімшарт жасасуға шенеуніктердің өздері себепші болған.
«2018 жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылар жалынып тұрып, «Сыбаға» бойынша несие алуымызды өтінді. Біз келістік. Алайда, жоспарлағанымыздай, Ресейден асыл тұқымды мал алып шыға алмадық. Себебі, бағдарлама бойынша етті бағыттағы сиырларды сатып алуымыз керек еді. Ал солтүстік көршілерімізде аталған бағыттағы ірі қараны шекарадан асыруға шектеу бар екен. Біз қаражатты кейін қайтарғымыз келді. Облыстық әкімдіктегілер ол мүмкін емес екенін айтты. Есесіне, бізді асыл тұқымды малды жеткізіп беруші оператор ретінде Сатпек Мукин есімді кәсіпкермен таныстырды», - дейді «Абылай» шаруа қожалығының басшысы Абылай Жүсіпов.
Бар мәселе осы жерден басталады. Себебі, «Алтай» шаруа қожалығының басшысы Сатпек Мукин бұған дейін алаяқтықпен бірнеше кәсіпкерді сан соқтырып кеткен. Бұл әрекеті үшін сот шешімімен құқықтық жауапкершілікке де тартылған. Әккі кәсіпкер шаруаларға асыл тұқымды ірі қараның орнына қарапайым сиырларды жеткізіп, құжаттарын қолдан жасап отырған. Жымысқы ойын жүзеге асыру үшін танысының типографиясында Ресейдің мемлекеттік мекемелерінің мөрін жасатып, қажетті құжаттарды басып шығара берген көрінеді. Сатпек Мукин шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасымен құтылды. Ал оған алданған кәсіпкерлерді ұзақ сот процессі күтіп тұр.