×

Заң бойынша домофон ақысын төлемеуге де болады

Домофон орнататын мекемелер тұрғындар ақы төлемейтін болса, шығынға батып, банкротқа ұшыраудан қауіптеніп отыр

 Еркеғали Болатұлы 21.06.2022 | 12:07
фото: ашық дереккөз

Енді домофонның ақысы міндетті коммуналдық төлемге жатпайды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұзақ жылдан бері дауға айналған мәселеге нүкте қойды. Жауапты ведомство құрылғыны орнатып, оның қызметіне ай сайын 200-1000 теңге аралығында ақы төлемеуді тұрғындар бірлесіп шешуі керек деп отыр.

Демек көпқабатты үйде тұратын жұрт домофон істен шыққан жағдайда ғана оны жөндеу үшін бір реттік төлем жасауға құқылы. Қазір домофонды күтіп-ұстау үшін ай сайын ақы төлеуге міндеттейтін мекемелермен күрес күшейген.

Домофонды міндет қылдырмау керек. Ол ортақ мүлік болғаннан кейін тұрғындар жиналып, өздері шешетін шаруа. Барлығы бірлесіп, қолдарын қойып, бір шешімге келуі керек. Жаңа заңнама бойынша бұл реттеліп қойған нәрсе. Жаңа құқықтық нормативтер қабылдаудың қажеті жоқ, - дейді ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй істері жөніндегі комитетінің басқарма басшысы Қызғалдақ Медетова.

КТК телеарнасының хабарлауынша, сонда да заңды белшесінен басып, қулығына құрық бойламайтын пысықайлар азаймай тұр. Мәселен, Ақтауда құрылғыны күтіп-ұстау қызметін тұрғындарға міндеттеген домофон орнататын компанияның әрекетін монополияға қарсы қызмет әшкерелеген. Тіпті, домофонды пәтер иелері кооперативінің балансына бермей, қалтасын қампайтқан мекемелер де анықталыпты.

2021 жылы монополияға қарсы органмен талдау жүргізілді. Талдау барысында домофон құрылғыларын құрушы мекемелерден бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Домофон құрылғысын олар қондырған. Бірақ жаңа домофонды күтіп-ұстауға түбіртек келіп тұрған. Одан бас тартқанда домофонды алып кететіндер де болған, - дейді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Маңғыстау облыстық департаментінің бөлім басшысы Мөлдір Сариева.

Қазір Ақтаудағы тұрғын үйлердің жұрты бірінен кейін бірі жиналыс өткізіп, домофонның күтіп-ұстау ақысынан бас тартып жатыр. Алматы тұрғыны Орынбасар Жексейітова да 20 жылда кіреберіс есікке орнатылған электронды жүйенің бұзылғанын көрмепті. Сондықтан оны қолданғанымыз үшін ай сайын ақша төлеу ақылға қонымсыз дейді.

Алайда домофон орнататын мекемелер тұрғындар ақы төлемейтін болса, шығынға батып, банкротқа ұшыраудан қауіптеніп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама