«Дені сау ұлт», «Білімді ұлт»: Қазақстанда ұлттық жобаларды жүзеге асыруға қаржы толық бөлінбеген
Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова жоспарға түзету енгізу керектігін айтты
Былтыр Үкімет 10 ұлттық жобаны іске асыруға кірісті. Алайда жобалардың 43%-ы толық қаржыландырылмаған. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова айтты, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.
«Былтыр күзден бастап Үкімет бюджет есебінен қаржыландыру жоспарланған 10 ұлттық жобаны іске асыруға кіріскен. Өкінішке қарай, бұлай болмады. Олардың 43%-ы толық қаржыландырылмаған. Ал ең маңызды міндеттерді тиімді шешу үшін толық көлемде қаржыландыру керек. Сондықтан ұлттық жобаларды нақты қаржылық мүмкіндіктерге қарай түзеткен жөн. Біз Үкімет оларды пысықтауға кіріскенін білдік», - деді Наталья Годунова.
Тқрайымның пікірінше, ұлттық жобалардың іске асыру мүмкіндігінше қысқа мерзімде жүргізілуге тиіс, әрі оның нәтижесі бизнес пен халықтың өміріне әсерін тигізуі керек.
Әлеуметтік және әкімшілік объектілерді салу кезінде ел аумағын аймақтарға бөлуді және 1 шаршы метр үшін құн лимитін белгілеуді жүргізу орынды. Бұл сол ақшаға көп нәрсе салуға мүмкіндік береді, - деді комитет басшысы.
Айта кетейік, ұлттық жобалар тізбесі төмендегідей:
- «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы;
- «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы;
- «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы;
- «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы;
- Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба;
- «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы;
- «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы;
- «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы;
- Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба;
- «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы.