×

Ахмет Байтұрсынұлы ауылында 20 млн теңгеге салынған бөгет жылға жетпей бұзылды

Көктемгі тасқын кезінде шайылып кеткен бөгетті тұрғындар өз күшімен тұрғызған

 Халық үні 20.06.2022 | 09:32
скриншот: видео

Ахмет Байтұрсынұлы ауылы — Қостанай облысы Жангелді ауданындағы ауыл. Былтыр бұл ауылда 20 млн теңгеге бөгет салынған. Ақкөл мен Ахмет Байтұрсынұлы ауылдарының қажетіне арнап салынған бөгет арада жыл өтпей бұзыла бастады. Көктемгі тасқын кезінде шайылып кеткен бөгетті тұрғындар өз күшімен тұрғызған, деп хабарлады 24.kz тілшісі.

 «Тастан салу керек. Мынаны жай сала салған. Қайта істеу керек. Жобасын сызу керек. Бекітіп, кеңейту керек. Барлық жұмыс асығыс, небәрі бір-ақ күнде тындырылды дейді жұрт. Бөгеттің техникалық талапқа сай болмауы үстімен өтетін көліктерге де кедергі. Халық арғы беттегі шабындыққа бара алмай әлек. Ал айналма жол 60 шақырымға жуықтайды», - дейді Жолдыхан Нұрмұхамбетұлы есімді ауыл тұрғыны.

Бөгет құрылысын қабылдап алған Жангелді ауданының әкімі бар кінәні ауыл әкіміне артып отыр.

«Биыл су тасқыны былтырға қарағанда қатты болды. Былтыр салынған бөгет әлі нығыздалмаған. Ол әлсіздеу боп тұр. Бұзуын бұзып кетті. Бірақ мердігермен сөйлестік. Ол басқа жерде де нысандар салып жатыр. Ертең техникасы босаған соң дұрыстап беретінін айтып отыр», - дейді ауыл әкімі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама