13 мың қазақстандыққа әлеуметтік төлем тағайындалды

Қымбат Елтайқызы

Бұның қандай төлем екені айтылды

фото: Halyq Uni

13,4 мыңнан астам қазақстандыққа арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды, деп хабарлайды Halyq Uni.

2024 жылғы 24 желтоқсандағы жағдай бойынша, 13 423 азаматқа зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік төлем (АӘТ) тағайындалды. Аталған төлемді тағайындауға жалпы 14 195 адам өтініш білдірген, деп мәлімдеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Екі көзден төленетін арнаулы әлеуметтік төлемге (республикалық бюджет пен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) 3 201 адам жүгінді. Оның ішінде 3 087 адамға тағайындалды, – деп қосты ведомство.

Төрт қаржыландыру көзінен берілетін АӘТ (республикалық бюджет, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, жұмыс беруші әрі өмірді сақтандыру ұйымы) тағайындауға 10 994 адам өтініш білдіріп, оның 10 336-сына тағайындалған.

Сондай-ақ, 240 азамат сақтандыру компаниясымен зейнеткерлік аннуитет шартының жасалуын күтіп отыр. 138 азамат СМС хабарламаға жауап бермеген. Міндетті шарттарды орындамағандықтан, 394 өтініш берушіге АӘТ тағайындаудан бас тартылды.

Өңірлер бойынша арнаулы әлеуметтік төлемдерді алуға өтініш білдіргендердің ең көп саны Қарағанды ​​(2 көзден – 546 адам, 4 көзден – 1 926 адам), Қостанай (2 көзден – 343 адам, ал 4 көзден – 1 172 адам) және Шығыс Қазақстан (2 көзден – 287 адам, ал 4 көзден – 1 204 адам) облыстарында тіркелген, – деп толықтырды мекеме.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арнаулы әлеуметтік төлем енгізілген болатын.

Арнаулы әлеуметтік төлем тағайындау үшін 55 жасқа толу және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы міндетті шарттар саналады. Төлем зейнет жасына дейін төленеді. Арнаулы әлеуметтік төлемдерді алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыспауға тиіс. Жұмыскерлер жеңіл жұмысқа ауыса алады. Содан кейін олар жалақы мен төлем алады немесе демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнаулы әлеуметтік төлем алады.

БЖЗҚ деректері бойынша, арнаулы әлеуметтік төлемді тағайындау үшін міндетті шарттарды ескеріп, аталған төлемді алуға 2024 жылы 37 мыңнан астам жұмыскер құқылы болды. Жалпы төлемнің орташа мөлшері 208 мың теңгеден асады. Әрбір жұмыскер үшін төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинақтарына байланысты болады, – деді министрлік.

Әлеуметтік кодекске сәйкес, жұмыс берушілер кәсіптері мен қызмет түрлері Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлердің, өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің тізбесіне енгізілген жұмыскерлер үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады. Олардың 2,3 мыңнан астам позициясы бар. Осылайша, арнаулы әлеуметтік төлемді экономиканың 17 саласында, оның ішінде тау-кен өндіру әрі өңдеу өнеркәсібінде және өзге де салаларда жұмыс істейтін қазақстандықтар ала алады.