×

Екібастұзда сотталған шенеунік қай министр мен депутаттарға дастархан жайған?

Экс-шенеунік алған «парасын» өз пайдасына емес, елордадан келген лауазымды тұлғаларды күтіп алуға жұмсағанын айтқан

 Данияр Айтпайұлы 16.06.2022 | 14:25
коллаж: Halyq Uni

6 маусымда Екібастұз қалалық соты Екібастұз әкімінің орынбасары Бауыржан Ахметовке және оның қарамағындағы ТКШ бөлімі басшысының орынбасары А.Садықов пен сол бөлімнің бас маманы К. Түсіпбековке қатысты үкім шығарды.

Жоғарыда аталған адамдар мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне кедергісіз қол қойғаны және жалпы қамқорлығы үшін кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алды деп айыпталды.

Сот үкімімен Бауыржан Ахметовке 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, Түсіпбеков пен Садықов тиісінше 7 және 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот үкімі шыққаннан кейін Б.Ахметовтың жұбайы әлеуметтік желіге жолдасының видео үндеуін жариялады. Онда экс-шенеунік кінәсіз екенін айтып, қылмыстық іс бойынша мойнына артылған қаражатты өз керегіне емес, қала басшылығының тапсырмасы бойынша облыстық, республикалық деңгейдегі лауазым иелерін қарсы алуға жұмсағанын жеткізді.

Экс-шенеунік 2021 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында елордадан келген лауазымды тұлғаларды (премьер, депутаттар, министрлер) қарсы алу жұмыстарымен айналысқан. Оларға дастархан жайып, шығындалған. Ал мұндай шығындар қала бюджетінде қарастырылмаған екен.

Расымен де Үкімет мүшелері Екібастұз қаласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту бойынша өңірге бірнеше рет жұмыс сапарымен барған.

2021 жылдың 18 мамыры, Екібастұз қаласы

2021 жылдың 18 мамырында сол кездегі үкімет басшысы Асқар Мамин бастаған үкімет делегациясы жұмыс сапарымен Павлодар облысына барды. Премьер бастаған делегация құрамында «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев (экс-министр), Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов (экс-министр), Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев (экс-министр) болған. Сондай-ақ үкімет делегациясымен бірге Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов та жүрген.

2021 жылдың 1 маусымы, Екібастұз қаласы

Оған қоса, 2021 жылдың 1 маусымында Нұрсұлтан Назарбаев қорының директоры, Мәжілістің экс-депутаты, «Қазақстан әйелдері күштерінің Альянсы» қамқоршылық кеңесінің төрайымы Дариға Назарбаева Екібастұз қаласына барып, «Әлем» орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама