2025 жылы елорда балабақшалары ваучерлік қаржыландыруға көшеді

Қымбат Елтайқызы

Бұл жүйенің артықшылықтары түсіндірілді

фото: Астана әкімдігі

2025 жылдың қаңтарынан бастап Астананың мектепке дейінгі ұйымдары ваучерлік қаржыландыруға көшеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жергілікті әкімдік мәліметінше, бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев елордалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Қазір ваучерлік қаржыландыру жобасы Тараз, Шымкент пен Түркістан қалаларында бар.

Астананың білім басқармасының басшысы ваучерлік қаржыландыру жүйесінің негізгі артықшылықтарын атап өтті:

  1. Ата-аналар үшін таңдау еркіндігі. Ваучер алған ата-ана тізімнен кез-келген мектепке дейінгі мекемені таңдай алады. Бұл балабақшаларға көрсетілетін қызметтер сапасын жақсартуға және жаңа клиенттерді тартуға, сақтауға ынталандырады. Бұл «әділеттілік» қағидатына қол жеткізуге ықпал етеді.
  2. Сапаны объективті бағалау. Балабақшалардың жұмысын бағалаудың қайта қаралған тәсілі ата-аналарға білім беру қызметтерінің сапасын тікелей бағалауға мүмкіндік береді. Бұл субъективтілікті жояды және қызмет көрсетудің жалпы деңгейін арттырады. Сонымен қатар, жоба нарықтың жаңа қатысушыларына мүмкіндіктер ашады, салауатты бәсекелестік туғызады және «сапа» қағидатына сәйкес қызмет сапасын жақсартады.
  3. Қаржыландыру ашықтығы. Жергілікті атқарушы органдардың әрбір балабақша үшін мемлекеттік тапсырыс көлемін бекіту жөніндегі функционалы жойылады және қаражат тікелей балаға беріледі. Егер бала басқа балабақшаны таңдап, оған ауысса, ваучер «ашықтық» принципін қамтамасыз ететін оның соңынан ереді.

Қасымхан Сенғазыев ваучерлік қаржыландырудың негізгі қағидаттары туралы айтты.

Егер бұрын бала балабақшадағы орынға кезекте тұрса, енді ол ваучерге кезекке тұрады. Енді балабақшаны таңдау ата-ана қолында. Бұған дейін мемлекеттік білім беру тапсырысы балабақшаға берілген болатын, ал қазір ваучер баланың соңынан ереді, – деп түсіндірді ол.

Елордада ваучерлік қаржыландыруды іске асыру 2025 жылдың қаңтарында басталады. Ваучерлік қаржыландыру жүйесінде кезек баланың жасына және оның әлеуметтік мәртебесіне байланысты 18 санатқа бөлінеді. Әр санаттың өз кезегі болады. Ваучер итерация (қайталау) арқылы беріледі. Ал кезек жылына екі рет автоматты түрде жаңартылады.