Өзгенің банк картасын пайдаланған алаяқ ұсталды

Қымбат Елтайқызы

Ол емін-еркін сауда жасаған

фото: Halyq Uni

Батыс Қазақстан облысының тұрғыны өзгенің банк картасынан сауда жасап, әйеліне гүл де алған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Polisia.kz мәліметінше, тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде жоғалған банк картасынан 400 мың теңгеден астам сомаға сауда жасаған күдіктінің кім екенін анықтады.

Жәбірленуші әйелдің картасын жоғалтып алғаны және бұл туралы білмегені анықталды. Ол картаны ұзақ уақыт пайдаланбағандықтан, банк қосымшасын қолданып жүрген әрі жоғалғаннан кейін бір айдан соң ақшаның жетіспейтінін байқаған, – делінген ақпаратта.

Ал 33 жастағы тұрғын Ақсай қаласында картаны тауып, түрлі сауда жасаған, соның ішінде азық-түлік, алкоголь, тіпті әйеліне гүл шоғын да сатып алған.

Полиция күдіктіні анықтап, оған қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Сақшылар азаматтарға мұқият және сақ болуды ескертеді. Банк карталары сияқты жеке заттар жоғалған жағдайда, бұл жайлы банкке дереу хабарлап, картаны бұғаттау қажет. Ол бөгде адамдардың картаны теріс мүдде үшін пайдалануына жол бермеу үшін керек.