Қазір ол өзінің негізгі жинақтаушы функциясын орындамай, дәстүрлі тұтыну режимінде тұр
Сенат депутаты Сергей Карплюк былтыр Ұлттық қордан бөлінген мақсатты трансферт заңмен тыйым салынған шараларға жұмсалғанын мәлімдеді.
Мәселен, Ұлттық қордан бөлінген мақсатты трансферттен сотталғандарды ұстауға – 2,3 млрд теңге, мәдениет нысандарын салу мен жөндеуге – 315 млн теңге (оның тек 10 пайызы ғана игерілген), әлеуметтік маңызы бар және мәдени шараларға, соның ішінде шет елдерде мәдениет күндерін өткізуге 2,5 млрд теңге бағытталғаны туралы фактілер кездеседі, - деді сенатор.
Ұлттық қордан ақша алатынымыз аздай, оны заңға қайшы пайдаланамыз деп отыр ол. Демек қазір Ұлттық қор өзінің негізгі жинақтаушы функциясын орындамай, дәстүрлі тұтыну режимінде тұр.
Сондай-ақ сенатор пайдаланылмаған қаржыны Ұлттық қорға қайтару жұмысы да әлсіз екенін жеткізді. Айтуынша, 2015-2021 жылдар аралығында пайдаланылмаған және Ұлттық қорға қайтарылмаған қаржы сомасы 72,3 млрд теңге болған. Оның 60 млрд теңгеге жуығы тек 2021 жылдың еншісінде.