Қызылордада 500 отбасы баспаналы болды
Мереке қарсаңында пәтер кілттері табысталды
Тәуелсіздік күні қарсаңында Қызылордада 500-ден астам отбасы жаңа баспанаға ие болды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Премьер-министр орынбасары Тамара Дүйсенова Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында жаңа пәтерлер кілтін табыстау рәсіміне қатысты. Сырдарияның сол жағалауында баспана кезегінде тұрған отбасыларға арнап салынған жеті қабатты алты үй пайдалануға берілді, деп мәлімдеді үкімет.
Халықтың әл-ауқатын жақсарту, жайлы өмір сүруге жағдай жасау – еліміздің маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі. Мемлекетіміз үшін қастерлі мереке – Тәуелсіздік күні қарсаңында 500-ден астам отбасы қоныс тойын тойлағалы отыр. Қуаныштарыңыз құтты болсын!, – деді, жаңа қоныс иелерін құттықтаған вице-премьер.
Жаңа пәтер кілтін алғандар қатарында көпбалалы отбасылар да бар. Мәселен, Әсия Есенбекова 5 жыл пәтер кезегінде тұрған.
«Бүгін бізге 3 бөлмелі пәтер кілті табысталды. Баспаналы болу – біздің отбасымыз үшін үлкен қуаныш. Біз өте ризамыз. Көрсеткен қолдауларыңыз үшін сіздерге алғысымызды білдіреміз», – деді Әсия Есенбекова.