«Биыл үш айда 1 млрд доллар шығарылған»: Шетелдегі заңсыз активтерді қайтаруға 87 жыл керек

Ербол Тұрымбет

Сарапшылар елден әлі де жылына 26 млрд теңге шетел асып жатқанын айтты

Коллаж: Halyq Uni

Қазақстанның Азаматтық Альянсы алаңында «ҰСТАНЫМ» пікірталас клубы заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару мәселелерін талқылауға арналған жиын өткізді. Жиын қатысушыларының айтуынша, Қазақстаннан 167 млрд доллар заңсыз жолмен әкетілген, ондағы кейбір қаражаттың заңсыз екенін дәлелдеу қиын. Оның үстіне, олар тікелей шетелдік инвестиция ретінде құйылып, тапқан табысы қайтадан шетел асып жатыр. Биыл бірінші тоқсанның өзінде елден 1 млрд доллар заңсыз шығарылған. Halyq Uni тілшісі осы деректер жөнінде сарапшылардың пікірін жазып алды.

Бір жылда 1 трлн теңгеге жуық актив қайтарылған

Былтыр шілдеде қабылданған «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңның орындалуы бүгінде 3 ұйымға жүктелген. Бірі премьер-министр жетекшілік ететін үкіметтік комиссия, екіншісі, Бас прокуратураның активтерді қайтару жөніндегі комитеті және Қайтарылған активтерді басқару компаниясы.

Бас прокуратура комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіковтің айтуынша, үкіметтік комиссия жұмыс істеп бастағалы бір жыл ішінде комитет ұсынған 1 трлн теңгеге жуық бағаланатын келісімдер мен активтерді қайтару жөніндегі шараларды мақұлдаған.

Бүгінде Арнаулы мемлекеттік қорға 188 млрд теңге құйылған. Оған қоса, жалпы құны 87 млрд теңгеге бағаланатын мүліктер Қайтарылған активтерді басқарушы компанияға өткізілген. Ол активтердің кейбірі бүгінде мемлекетке пайда әкеліп те жатыр. Мәселен, Астанадағы «Думан» қонақ үйін басқарудан 93 млн теңге пайда түскен.

Субъектілер мемлекетке өткізген активтерінен бөлек, қосымша 100 млн доллардан астам қаражатқа әлеуметтік және инвестициялық жобаларды жүзеге асыра бастаған. Одан бөлек, 30 млрд теңгеге инвестжобаларын жүзеге асырып жатыр.

Көптеген актив шетелде із-түзсіз жоғалған

Exclusive.kz сайтының бас редакторы Қарлығаш Еженова Жоғарғы аудиторлық палатаның есебін мысалға келтірді. Онда белгілі болған заңсыз активтерден шамамен 3%-ы ғана елге қайтарылған. Ал оның қасында белгісіздері де бар. Олардың заңсыз екенін заң тұрғысынан дәлелдеу қиын. Оның үстіне, шетелге шығарылған ақшаның бәрін бірдей заңсыз шығарылған деп айтуға келмейді. Себебі, заңсыз актив пен заңды активті ажырату да күрделі жұмыс.

Біз осы тақырыпта сараптамалық зерттеу жүргізіп көрдік. Активтер көп жағдайда бұғатталып қатырылып, артынан із-түзсіз жоғалған. Кейбірі ондаған жылдар бойы бұғатталып қойған, олардың кейінгі тағдыры мүлде беймәлім. Осыны негізгі месседж ретінде айтсақ болады, яғни, ол қаражат мүлде жоғалады немесе заңсыз активтерді қайтарушы ұйымдардың шартымен елге қайтарсын, – дейді ол.

Айта кетейік, осыдан 2 жыл бұрын Global Financial Integrity ұйымы 2004-2013 жылдар аралығында елден 167 млрд доллардан астам қаражат заңсыз шығарылған деген мәліметін келтірген еді. Сол жылы Tax Justice Network ұйымы “жыл сайын Қазақстаннан 212 млн доллар шетелге заңсыз шығарылып жатыр” деп мәлімет таратты. Ал 2021 жылы офшорларда қазақстандықтардың 45,7 млрд доллары бар екенін хабарлаған.

Сондай-ақ, онда 2010-2021 жылдары Қазақстаннан Нидерландыға, Кипрге, Қайман мен Сейшел аралдарына 53,4 млрд доллар әкетілгенін көрсетті.

Биыл 1 тоқсанда 1 млрд доллар елден заңсыз шығарылған

Заңсыз шығарылған активтер көлемі бойынша Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков қызықты деректер келтірді. Оның сөзінше, макроэкономикада қанша ақша кеткені немесе кіргенін тіркеп отыратын бухгалтерлік есеп бар. Ондағы арнайы есепшот заңды және заңсыз шығарылған қаражаттың айырмашылығын көрсетіп отырады. Сондағы төлем балансының статистикасын зерттегенде 25 жылда шамамен 167, көп болса 200 млрд долларға шыққан.

Экономистің айтуына қарағанда, шетелде активтің көп болуына қатысты екінші тренд бар. Соңғы 20 жылда азаматтарымыз шетелде немесе оффшорда компания ашып, сосын шетелдік инвестор ретінде бізге ақша құйды. Олар тікелей шетелдік инвестиция ретінде саналып жатыр. Бұл жерде қылмыс бар.

Төлем балансында ағымдағы бухгалтерлік есепшоты бар, оны «табыстар балансы» дейді. Сонда «бастапқы табыс» деген бар. Соның есебі бойынша, бізден әлі де жылына шамамен 26 млрд теңге кетіп жатыр. Бұл былай айтқанда, заңды қаражат. Менің ойымша, осы бағытта зерттеп көру керек шығар. Өйткені, өз азаматтарымыз шетелге алып кетеді де инвестор болып елге құйып, одан түскен табысты елге қалдырмай, қайтадан басқа юрисдикцияға әкетіп жатыр. Бұл экономикалық, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді, – дейді ол.

Айта кетерлігі, бір жылдан бері заңсыз активтерді қайтару бойынша жұмыс істеп жатқан Бас прокуратура комитетінің жұмысына қарағанда, 1 трлн теңгедей актив қайтарылған. Ал елден шығарылған активтер 167 млрд доллар десек, оны қазіргі бағамға шаққанда, 87 трлн теңге болады. Демек, оның бәрін қайтарып болу үшін 87 жыл керек болғаны.

Тағы бір атап өтерлік жайт, Қайырбек Арыстанбековтің сөзінше, «Трансферттік баға белгілеу туралы» заң солқылдақ. Соңғы 20 жылда 18-дей іс қозғалғанымен, сотқа бармай, қайтып келген. Осы заң 20 жыл бұрын керемет жұмыс істегенде, шетелге 167 емес, 16 млрд доллар ғана кетер еді деген ойда. Сондықтан қазір құзырлы органдар жұмыс істеп жатқанымен, екінші жағында шелектің түбі тесік. Тіпті, төлем балансының статистикасы бойынша, биылғы 1 тоқсанда 1 млрд доллар елден заңсыз шығарылған. Сондықтан осы заңды күшейту керек деген ой тастайды.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Швейцария қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету және заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы келісімге қол жеткізгенін жазған едік. 

Сондай-ақ, қайтарылған қаражатқа Атырау облысында мектеп салынып жатқанын хабарладық