Жаңа жылда мұғалімге сыйлық алу үшін ақша жинауға бола ма?
Ұстаздар оқушылардан сыйлық күтпейді
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жаңа жылда мұғалімге сыйлық алу үшін ақша жинау заңға қайшы екенін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Үкіметтің баспасөз орталығында министрге «жаңа жылдық іс-шараларды мектептен тыс жерде өткізіп, мұғалімге сыйлық алу үшін ақша жинауға бола ма?» деген сауал жолданды.
Бейсембаев бұл әрекет заңға қайшы екенін атап өтті.
Мектептерде ақша жинауға болмайды. Бұған министрлік бұйрығымен тыйым салынған. Мектептерде ақша жиналмауға тиіс. Тіпті, мектеп бітіру кеші болсын, оның ішінде жаңа жылдық іс-шара да бар. Кез-келген іс-шараны ақша жинамай-ақ өткізуге болады. Әсіресе, кез-келген іс-шара мемлекеттік бағдарлама («Бір тұтас тәрбие») аясында жоспарланған. Онда мұғалімдерге сыйлық қарастырылған. Әрине, берілген рұқсат аясында. Бірақ менің білуімше, мұғалімдер ешкімнен сыйлық күтпейді, – деді министр.
Ол мектептерде ақша жиналса, ата-аналар бұл туралы министрлікке хабарлай алатынын жеткізді.
«Біз, педагогтер ешқандай материалдық ынталандыруды күтпестен балаларға сабақ береміз. Кейбір ұйымда бұған жол берсе, бұл жайлы бізге хабарлай аласыз, тиісті шара қолданамыз. Мектеп – сапалы білім мен тәрбие беретін орын. Жаңа жылдық іс-шараны қосымша шығынсыз өткізуге болады», – деді Ғани Бейсембаев.