Басқа да тауар бағалары өсті
Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы инфляция мен бағалар өзгерісі туралы ақпарат жариялады, деп хабарлайды Halyq Uni.
2024 жылғы қарашада тұтыну бағаларының айлық индексі алдыңғы айдағыдай 0,9% құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы – 1,1%, ақылы қызметтер – 0,8%, азық-түлік емес тауарлар 0,7% жоғарылады.
Азық-түліктен қияр бағасы – 40,3%, қызанақ – 37,3%, тәтті бұрыш – 15,5%, басты пияз – 13,9%, сарымсақ – 10,1%, қырыққабат – 8,9%, картоп – 6,2%, апельсин – 4,8%, лимон – 4,1%, күнбағыс майы 4% өсті. Бағаның төмендеуі күрішке – 2%, қантқа – 1,9%, алмаға 0,7% байқалды, – деп қосты бюро.
Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер суық суға – 11,4%, электр энергиясына – 3,4%, қоқыс шығаруға – 2,2%, орталықтан жылытуға 2,1% жоғарылады. Шинамонтаж қызметтері 3%, монша қызметтері – 2,6%, шаштараз бен сұлулық салондарының қызметтері 1,2% қымбаттады. Биылғы қарашада бағаның өсуі отынға – 1,4%, тас көмірге 1% байқалды. Смартфон – 9,8%, алтыннан жасалған неке жүзігі – 6,2%, киім және аяқкиім 0,9% қымбаттады.
Өңірлер ішінде ең жоғары айлық инфляция Қарағанды облысында – 1,5% (орташа республикалық деңгейден 0,6 п.т. жоғары), ең төменгі – Алматы қаласында 0,4% тіркелді. Өңірлер бөлінісінде ең жоғары азық-түлік тауарлары бағалары Шымкентте – 2%, азық-түлік емес тауарлары – Маңғыстау облысында 2,3%, ақылы қызметтер – Алматы облысында 2,6% өсті.
2024 жылғы қарашада жылдық мәнде инфляция деңгейі 8,4% құрады. Ақылы қызметтер бағасы – 13,3%, азық-түлік емес тауарлар бағасы – 8%, азық-түлік тауарлары бағасы 5,4% жоғарылады, – деп толықтырды ведомство.
2023 жылғы қарашамен салыстырғанда тарифтер суық суға – 43,1%, су бұруға – 25,7%, электр энергиясына, ыстық суға – 21,7%-дан, орталықтан жылытуға – 17,5%, қоқыс шығаруға 10,3% жоғарылады. Теміржол билеттері 24,5%, кешенді демалыстар ұйымдастыру – 22,3%, стоматология қызметтері 12,8% қымбаттады. Ноутбук бағасы – 65%, ас үй пеші 40,8% өсті. Бағаның өсуі ацетилсалицил қышқылына – 27,6%, канефронға – 24%, корвалолға – 21,9%, ацикловирге 19,6% байқалды. Картоп – 28,2%, қияр – 25,9%, қызанақ – 25,5%, зәйтүн майы – 23,3%, тәтті бұрыш – 19,8%, сарымсақ 18,4% қымбаттады. Керісінше, жылдық мәнде қарақұмық жармасы – 21,6%, сәбіз – 10,2%, лимон – 8,9%, қырыққабат – 8,5%, күнбағыс майы 5,3% арзандады.