Halyq Uni логотип
×

Екібастұздағы тойда уланып қалғандардың құқығы қорғалды

Материалдық залалға жоғалтқан табыс және дәрі-дәрмекке жұмсалған шығындар кірді

 Халық үні 29.11.2024 | 19:49
Екібастұздағы тойда уланып қалғандардың құқығы қорғалды
фото: Halyq Uni

Екібастұз қаласындағы қыз ұзату тойында мейрамханадағы жаппай улану оқиғасы жиналғандардың денсаулығына ауыр зардабын тигізді, деп хабарлайды Halyq Uni gov.kz-ке сілтеме жасап.

Биыл сәуір айында зардап шеккен 16 адам Павлодар облысының сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне өздерінің тұтынушылық құқығын қорғау және сотта өз мүдделерін білдіру туралы өтінішпен жүгінген болатын. Оқиғаның салдарынан ондаған адам ауруханаға жатып қалып, кейбіреуі ауыр сырқатпен ауырды.

Зардап шеккендердің айтуынша, тойдан кейін барлығы тамақтан улану белгілерін сезген. Көпшілігіне стационарлық және амбулаториялық ем қажет болды. Бұл олардың еңбекке жарамсыздығына және қаржылық шығынға әкеп соқтырды. Ең ауыр жағдайға екі қонақ – түсік жасап, баласынан айырылған келіншек және ішек инфекциясына байланысты операция жасатқан ер адам душар болды.

Павлодар облысының сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің қызметкерлері зардап шеккендерге материалдық және моральдық залалды өтеу туралы талап-арыз дайындауға көмектесіп, оны мейрамханаға жіберді. Ал мейрамхана әкімшілігі талап-арызға жауап бермеген.

Департамент мейрамханаға жоспардан тыс тексеру жүргізіп, 2024 жылдың маусым айында жіберілген талап-арызға жауап бермегенін анықтады. Тексеру қорытындысы бойынша мейрамханаға бұзушылықтарды жою туралы бұйрық беріліп, әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы шығарылды, - деді департамент басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірова.

Департаменттің келесі қадамы сотқа жүгіну болды. Сапасыз қызмет көрсеткендіктен келтірілген материалдық және моральдық зиянды өтеу туралы іс қозғалды. Істі қарау барысында сот зардап шеккендердің жоғалтқан табысын есептеу үшін маман тартты.

Қараша айында Екібастұз қаласының соты зардап шеккен 18 адамның, оның ішінде екінші іс бойынша 2 адамның материалдық және моральдық зиянды өтеу туралы талабын 5 млн теңгеден аса сомаға ішінара қанағаттандырды. Материалдық залалға жоғалтқан табыс және дәрі-дәрмекке жұмсалған шығындар кірді. Олар 1 318-ден 188 462 теңгеге дейін ауытқыды. Моральдық залал үшін мейрамхана әрбір 16 истіге 200 мыңнан 700 мың теңгеге дейін төлеуге міндетті.

Бұл оқиға – қоғамдық тамақтандыру саласында жұмыс істейтін барлық кәсіпкер үшін үлкен сабақ. Өнім сапасы мен санитариялық нормаларға немқұрайлы қарау ауыр салдарға әкеп соқтыруы мүмкін. Бұл жағдайда зардап шеккендер өтемақы алды, бірақ ақшаға сатып алуға болмайтын денсаулықтарына зиян келтірді.

Егер тұтынушылар осындай жағдайға тап болса, Павлодар қаласының Генерал Дүйсенов көшесі, 9 мекенжайында орналасқан облыстық сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне жүгіне алады немесе E-otinish.gov.kz, E-tutynushy.kz бірыңғай ақпараттық жүйесіне немесе 8 (7182) 551070 телефонына хабарласа алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама