Елордада ақылы автотұрақты кімдер тегін пайдалана алады
Бірнеше санаттағы азаматтар бұл мүмкіндікті пайдалана алады
Астанада ақылы тұрақ аймағының шекарасында тұрғындардың кейбір санаты оны тегін пайдалана алады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жергілікті әкімдік мәліметінше, оларға мыналар жатады:
- «Алтын қыран» және «Халық қаһарманы» ордендерімен марапатталған тұлғаларға тіркелген көліктер;
- «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I, II және III дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға тіркелген көліктер;
- әскери қызметтен босатылған немесе әскери жиындарға шақырылған, Ауғанстанда және басқа да әскери іс-қимылдар жүргізілген басқа елдерде интернационалдық борышын орындаған, осы көліктерді жүргізетін не осы көліктерде жүрген азаматтарға тіркелген көліктер;
- мүгедек балаларға, бірінші және екінші топтағы мүгедек адамдарға, сондай-ақ мүгедек баланың заңды өкілдеріне тіркелген көліктер;
- Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен адамдарға тіркелген көліктер;
- тиісті тану белгілері, түсті-графикалық бояуы және жазулары бар шұғыл жедел қызметтердің (жедел медициналық көмек, Ішкі істер министрлігі, Қарулы Күштер Әскери полициясы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті) көліктері;
- Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, атап айтқанда, ҰОС кезеңінде әрекет етуші армия мен флот құрамына кірген әскери бөлімдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшілерге, сондай-ақ басқа мемлекеттер аумағындағы әскери қимылдар ардагерлеріне және жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдарға тіркелген көліктер.
Азаматтардың жеңілдетілген санаттары онлайн режимде мына сілтеме бойынша өтініш бере алады.
Автотұрақ тракторларды, өздігінен жүретін машиналарды және өлшемдері коммуналдық ақылы тұрақтардың тұрақ орындарының мөлшерінен асатын көліктерді қоспағанда, механикалық көліктерге ресімделеді. Бір пайдаланушыға екі көліктен артық тіркелмейді.