Интернет-алаяқтық азаймай тұр
Жетісулықтар интернет-алаяқтарға алданып, 516 миллион теңгеден астам шығынға батқан, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жетісу облысында полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы алаңдатарлық деректерді жария етті: биылғы жылдың өзінде интернет-алаяқтардың әрекетінен келген жалпы материалдық шығын 516 миллион теңгеден асып отыр.
Қылмыскерлер азаматтарды алдаудың сан қилы айла-тәсілін жетілдіруді жалғастырып отыр. Бұл ретте, олардың құрбандарының қатары күн санап көбейіп келеді. Әсіресе, шетелден әрекет ететін алаяқтар ерекше қауіп төндіреді. Себебі, олардың басқа мемлекеттерде орналасуы құқық қорғау органдарының оларды анықтап, жауапқа тартуын күрделендіреді, – деп мәлімдеді Polisia.kz.
Ең көп таралған алаяқтық әдістерінің қатарында жалған интернет-дүкендер, жеңіл табысқа шақыратын ұсыныстар, фишингтік сайттар мен «банк қызметкерлерінің» атын жамылып жасалатын қоңыраулар бар. Қаскүнемдер психологиялық қысым көрсетіп, шебер манипуляция арқылы азаматтарды жеке деректерін немесе қаражатын өз еркімен беруге мәжбүр етеді. Құқық қорғау органдары тұрғындарға қырағылық танытып, банк карталарының мәліметтерін бөгде адамдарға бермеуге, төлем жасамас немесе келісімшарттарға қол қоймас бұрын ақпараттың дұрыстығын мұқият тексеруге кеңес береді.
Сонымен қатар, шетелдегі алаяқтық әрекеттерді анықтап, залалсыздандыру мақсатында тәртіп сақшылары халықаралық ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп жатыр. Есіңізде болсын: абай болу арқылы алаяқтардың құрбанына айналмауға және қаражатыңызды сақтап қалуға мүмкіндік бар.