Елімізде дәрі-дәрмек бағасы арзандай ма

Халық үні

Аймағамбетов денсаулық сақтау министрлігі енгізетін өзгерістерді атады 

Фото: Halyq Uni

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов елімізде дәрі-дәрмек бағасы арзандауына әсер ететін өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Депутаттың сөзінше, денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек бағасын қалыптастыру механизмдеріне өзгерістер енгізуді қолға алды. Бұл шаралар бағаны төмендетуге көмектеседі. Қазір кейбір дәрілердің құны көршілес елдерге қарағанда қымбат. 

Біріншіден, бағаны тіркеуде бірыңғай тәсіл енгізіледі. Шекті бағаларды қалыптастыру үшін бірыңғай базалық баға белгіленеді. Бұл дәрі-дәрмектің бағасын бірнеше есе негізсіз қымбаттатуға жол бермейді, - дейді депутат.

Екіншіден, негізсіз шығындар алынады. Бұрын маркетинг және тасымалдау шығындары 30%-ға дейін жетіп, денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен тағы 15% үстеме қосылатын. Енді бұл қосымша шығындар алынып тасталады, осылайша бағаны қолжетімді деңгейде ұстауға мүмкіндік туады. 

Үшіншіден, көтерме және бөлшек саудаға қосылатын үстеме төмендейді.

  • Көтерме сауда – 15-20%-ға дейін;
  • Бөлшек сауда – 20-30%-ға дейін. 

Халықаралық деңгейде референттік баға енгізіледі. Енді дәрі-дәрмек бағасы халықаралық және ұқсас нарықтардағы бағамен салыстырылып отырады. Сонымен қатар дәріханалардағы бағаны бақылау үшін бірыңғай референттеу жүйесі енгізіледі. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен бірігіп, тасымалдау және басқа да шығындар туралы объективті деректер алынады, - деп жазды Аймағамбетов.

Осылайша көтерме және бөлшек сауда бағасы азаматтар үшін 15-25%-ға арзандайды деп жоспарланып отыр.