Halyq Uni логотип
×

Қостанайда пошташы зейнеткерлердің атына 2,3 млн теңге несие рәсімдеген

Алаяқтықтың бірнеше эпизоды бойынша қылмыстық іс қозғалды

 Қымбат Елтайқызы 22.11.2024 | 17:41
Қостанайда пошташы зейнеткерлердің атына 2,3 млн теңге несие рәсімдеген
фото: Halyq Uni

Қостанайда зейнеткерлердің атына 2,3 млн теңге несие рәсімдеген пошта тасушы ұсталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Polisia.kz мәліметінше, Қостанай ауданының тәртіп сақшылары қарт адамдарды алдап, несиелер рәсімдеген пошташының алаяқтық әрекетінің жолын кесті. Қаскүнем олардың сенімін пайдаланып, оңай жолмен пайда тапқан.

Күдікті зейнеткерлерден хатты алғанын растау үшін, сондай-ақ зейнетақы жинақтарын алу тәртібін жеңілдету деген желеумен суретке түсу керек деп, өзінің алаяқтық схемасын іске асырып отырған. Содан кейін алаяқ мобильді қосымшалардың көмегімен жәбірленуішілердің атынан несиелер рәсімдеген, – делінген ақпаратта.

Оның қылмыстық әрекеттерінің салдарынан бес зейнеткер зардап шекті. Мәселен, екі зардап шегушінің әрқайсысына 1 млн теңгеден кредит, ал қалғандарының атынан шағын несие рәсімдеген. Жалпы материалдық шығын 2,3 млн теңгеден асты.

Алаяқтықтың бірнеше эпизоды бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полицейлер сотқа дейінгі тергеу жүргізіп, істі сотқа жіберді. Мұндай қылмыс үшін заңда үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Осыған байланысты сақшылар азаматтарды қарттарға алаяқтық схемалармен байланысты қауіптер туралы белсенді түрде жеткізуге және оларды алдаудан қорғаудың жолдары жайлы айтуға шақырады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама