Үлестік қатысумен баспана аларда нені ескеру керек
Астаналықтарға кеңес берілді
Тұрғын үй сатып алу кезінде қиын жағдайға тап болмас үшін елордалықтар құрылысшының рұқсат құжаттарын мұқият тексеруі қажет. Мамандар нақты не нәрсеге назар аудару керек екенін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жергілікті әкімдік мәліметінше, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мынадай тәсілдердің бірімен ұйымдастырылады:
- тұрғын үй құрылысы бірыңғай операторының кепілдігін алу;
- екінші деңгейдегі банк жобасына қатысу;
- тұрғын үй қаңқасын тұрғызғаннан кейін үлескерлердің ақшасын қабылдау.
Тұрғын үй салу үшін үлескерлердің ақшасын алдын ала броньдау шарты, резервтеу шарты, инвестициялау шарты, талап ету құқығын басқаға беру шарты арқылы өзге тәсілдермен қабылдауға тыйым салынады.
Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы жергілікті атқарушы органнан берілген рұқсаттар туралы мәліметтер тізбесімен «Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің ресми сайтынан хабардар болуға болады. «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-ның салынып жатқан объектілерге кепілдік беру туралы келісімдер тізімі, сонымен қатар елорда әкімдігінің ресми сайтында үлескерлер ақшасын қабылдауға рұқсаты жоқ салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің тізімі жүйелі түрде жарияланады.
Азаматтар тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт жасамас бұрын бірнеше ережені білуі қажет:
- шарт жазбаша түрде жасалады және ол жергілікті атқарушы органда есепке қойылған сәттен бастап жасалған болып есептеледі;
- уәкілетті компания үлескерлер ақшасын қабылдауды жергілікті атқарушы органның рұқсаты негізінде жүзеге асырады;
- уәкілетті компания тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт жасасу мақсатында жүгінген жеке және заңды тұлғаларға танысу үшін құрылыс нысаны туралы толық ақпарат береді;
- уәкілетті компания толық емес және дұрыс емес ақпарат берген жағдайда, үлескер тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартты жарамсыз деп тану туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
Егер сізбен қолданыстағы заңды бұзу арқылы мәміле жасалса, Астана, Бейбітшілік көшесі 9, 324-кабинет мекенжайындағы «Астана қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» ММ-ға жүгіну керек. Байланыс телефондары: 8 (7172) – 55-04-28, 55-67-03.