Алматы облысында клиенттерін алдаған супермаркет айыппұл арқалады

Қымбат Елтайқызы

Кәсіпкерлердің халықты қалай алдағаны анықталды

фото: Halyq Uni

Алматы облысында ірі құрылыс супермаркеті әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сауда комитетінің мәліметінше, қыркүйекте Алматы облысының тұрғыны өңірдің Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне Е-otinish платформасы арқылы шағым қалдырған. Азамат өз өтінішінде «Леруа Мерлен» құрылыс супермаркетінен сатып алмақ болған тауар баға белгісінде 1550 теңге деп көрсетілгенін жазған. Бірақ кассада бұл артикулмен тіркелген тауарды 2880 теңгеден сатқан. Осы шағым негізінде Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті ірі құрылыс супермаркетіне жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Жоспардан тыс тексеріс барысында сауда объектісінде 2 түрлі баға көрсетілгені анықталды. Департамент қызметкері шағымда көрсетілген орынды тексергеннен кейін супермаркет сыртына қойылған тауар брендтік құрылыс тауары екені белгілі болды. Дегенмен сатушы баға белгісінде 1550 теңге деп көрсеткен, – деп қосты комитет.

Ішкі сауда қағидаларының 54-тармағының 2-тарауына сәйкес, кез келген ішкі сауда субъектісі тауарды сауда объектісінің ішкі немесе сыртқы сөрелеріне қандай бағамен рәсімдесе, сатып алушыға қойылған баға белгісімен сатуға міндетті. ӘҚБтК 193-бабының 4-бөлігіне сай, тауар құны сауда объектісінің ішкі және сыртқы сөрелерінде көрсетілген бағадан қымбат сатылса, әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Осыған байланысты «Леруа Мерлен» ЖШС жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша ӘҚБтК 193-бабының 4-бөлігіне сәйкес, Алматы облысы бойынша сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырды. Әкімшілік айыппұл сомасы 30 АЕК-ті құрайды. Супермаркет әкімшілік айыппұлдың толық құнының 50 пайызын төлеу құқығын пайдаланды. Сондай-ақ, Кәсіпкерлік кодексінің 152-бабы 1-тармағының 2-тармақшасына сай, ЖШС басшылығына жергілікті департамент тарапынан баға белгісіне қатысты заңсыздықты жою туралы нұсқама енгізілді.

Осы орайда, Сауда комитеті кәсіпкерлерге баға белгілерін орнатарда мұқият болуға, сауда заңнамасында көрсетілген талаптарды мұқият орындауға, тұтынушылар құқығына бейжай қарамауға шақырады.