Қаржыны жаңа жобаларды іске асыруға бөлінеді
Шетелден алынған қарызды қарапайым қазақстандықтар төлемейді. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Сенаттың жалпы отырысында журналист вице-премьерге «Қазақстан Қатардан 20 млрд долларға инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ шетелдік банктерден миллиардтап йенамен қарыз алып жатыр. Бұл қарызды қайтара аламыз ба? Қазақстандықтардың қалтасына салмақ түспей ме?» деп сұрақ қойды.
Нұрлан Байбазаров уайымдауға негіз жоқ екенін атап өтті.
Сіз мұны (шетелден алынып жатқан қарызды – автор) төлемейсіз. Оны (ақшаны қарызға алатын) компаниялар төлейді. Қатарлық жоба туралы айттыңыз. Оның бәрі қайтарымды инвестиция. Мерзімі – 10-15 жыл. Жобалардан түскен пайда оларды ақтауға мүмкіндік береді. Бұл сіздерге берілетін қарыз емес. Олар компаниялар (алатын қарыз) болады, - деді министр.
Бұған дейін Қазақстан халықаралық банктен тағы 269 млрд теңге қарыз алатыны хабарланған. Сондай-ақ еліміз Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 52,3 млрд иена (167,3 млрд теңге) қарыз алуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар Ислам даму банкі 1,2 млрд доллар бөледі.