Сенаторлар үш жылдық бюджет туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарды

Дәурен Ерболат

Ұлттық қордан 2 трлн теңге алынады

Фото: Halyq Uni

Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын Мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Қаржы министрі Мәди Тәкиев заң жобасы Қазақстанның 2029 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленгенін атап өтті.

2025 жылға түсімдер биылмен салыстырғанда  1,2 трлн теңгеге ұлғайып, 21,7 трлн теңге деңгейінде болады деп болжанып отыр. 2025 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,7 % деңгейінде болады, ал 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 1,9 %-ға дейін төмендейді. Бюджеттің 2025 жылға арналған шығыстары түсімдер мен тапшылықты ескеріп, 25,8 трлн теңгені деңгейінде. Биылмен салыстырғанда 1,7 трлн теңгеге ұлғайып отыр, - деді ведомство басшысы.

Депутат Сұлтанбек Мәкежанов сенаторлар заңға түзетулер енгізгенін жетізді.

Заңды талқылау барысында тұрақты комитеттер мен депутаттардан оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде 135 ұсыныс келіп түсті. Олар салыстырмалы кестеге келтірілді. 2025 жылы шығыстарды 60 млрд теңгеге ұлғайту бойынша ұсыныс қолдау тапты. Шығыстарды ұлғайту Үкімет резервін қайта бөлу есебінен жүзеге асырылады. Баяндалғанның негізінде Қаржы және бюджет комитеті «Қазақстанның Ұлттық қорынан 2025 – 2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңды мақұлдауды, салыстырмалы кестені қарап, «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар Мәжіліске жіберуді ұсынады, - деді сенатор.

Дауыс беру нәтижесінде бюджет туралы заң жобасы Мәжіліске қайтарылып, «2025 – 2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасын мақұлдады.

Соңғы заңды талқылау барысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мұнайдың кесімді бағасы 2025 жылы барреліне 42,3 доллар, 2026-2027 жылдары барреліне 41-39,4 доллары деңгейінде белгіленгенін атап өтті.

Осыны ескеріп, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2025-2027 жылдарға жыл сайын 2 трлн теңге көлемінде айқындалды. Жоспарлы кезеңде Ұлттық қордың таза валюталық активтері болжам бойынша 2025 жылы 62,2 млрд доллар, 2026-2027 жылдары 69,9-78,7 млрд доллар болады. Заң жобасын қабылдау республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді вице-премьер.

Еске салсақ, кеше Қазақстан банктен қомақты қаржыны қарызға алатыны белгілі болды. Аталған келісім 2024 жылғы 11 қазанда Астанада жасалған. Халықаралық қайта құру және даму банкі Қазақстанға 84,9 млрд йенаны (269 млрд 292 млн 221 мың 102 теңге, 1 йена – 3,17 теңге) қарызға береді. Бұған дейін еліміз шетелдік банктен 167 млрд теңге қарыз алатыны хабарланған еді. Cондай-ақ Ислам даму банкі Қазақстанға 1,2 млрд доллар бөледі.