Halyq Uni логотип
×

Оралда қар тазалаумен 9 жылдан бері депутаттың компаниясы айналысып келеді

Ал тұрғындардан шағым көбейген

 Ербол Тұрымбет 21.11.2024 | 13:13
Оралда қар тазалаумен 9 жылдан бері депутаттың компаниясы айналысып келеді
Фото: Бауыржан Ахметжан

Оралда қаланы қардан тазалауды 9 жылдан бері бір ғана компания еншілеп алған. Жыл сайын қарлы боранымен келетін қыста тіршілігі қиындайтын қала тұрғындарынан шағым көбейген. Бірақ монополист компания мәселесін шешуге келгенде осынша уақыттан бері қаланы басқарған 5 әкімнің бір де бірінің бұл жағдаймен ісі болмаған. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі Бауыржан Ахметжан әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қоғамдық белсенді азаматтың жазуына қарағанда, Оралда тұрғындардың көшелерді шаң, балшық пен қардан тазалауға қатысты шағымы жыл сайын көбейіп барады. Осыған байланысты қаланы кемі 3 ауданға бөліп (Орталық, 6 мкр және Зашаған), бәсекелес компаниялармен қызметтің сапасын көтеріп, «Жайық Таза қала» ЖШС-нің монополиясын азайту да басты мәселеге айналған. Бұл ұсыныс қаланың Қоғамдық кеңесінде айтылып, оны көбі қолдаған.

Мысалы, оның жазуынша, былтыр 22 қарашада қалаға қыс күтпеген жерден келіп, қарлы боран бәрін састырған. Биыл 5 қарашада да дәл сондай коллапс қайталанып, «Жайық Таза қала» ЖШС әдеттегідей бұған тағы да дайын болмаған.

Goszakup.gov.kz порталын зерттеп, анықтағаным, соңғы 9 жылда Орал қаласы көше-жол желісін күтіп ұстау және қаланы санитарлық тазалау жұмыстарын (көшені жуу, сыпыру, жолды жазда, қыста тазалау, қар жинау және т.б.) тек қана бір компания-монополист – Тұрарбек Тілемісовке тиесілі «Жайық Таза қала» ЖШС атқарып келеді, – деп жазады Бауыржан Ахметжан.

Тұрарбек Тілемісов қарапайым адам емес, ол – Amanat партиясының мүшесі, 2016-2021 жылдары Орал қаласы, 2021 жылдан бері БҚО мәслихаттарының депутаты.

Бауыржан Ахметжанның сөзінше, «Жайық Таза қала» ЖШС-і жолды күтіп ұстауға және тазалауға 2016-2024 жылдар аралығында бюджеттен 25,4 млрд теңгеге шартқа отырған. Мемлекеттік мекемелермен келісілген 111 шарттың 66-сы бір көзден жасалған.

Мысалы, негізгі тапсырыс берушісі Орал қаласы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі аталған компаниямен 2023 жылы жалпы құны 7,4 млрд теңгеге 3 шарт жасаған, олар биыл жыл соңында аяқталады. Биыл да 1,1 млрд теңгеге Зашаған және Круглоозерное әкімдіктерімен және басқалармен келісімшартқа отырған.

Тұрарбек Тілемісов, БҚО мәслихатының депутаты. Facebook/Amanat партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының ресми парақшасы

Егер мекеме қожайыны 9 жылдан бері депутат болса, 9 жыл бойы компаниясы тендерді алып отырса, басқа бизнесті әкімдік дамытпаса, наразы халықтың жанайқайы мен шағымдары аз және «естуші мемлекетке» жетпей жатса, ең сорақысы, осыны көріп отырған прокуратура мен антикордың «тісі» батпаса жұмыс сапасын көтеруге қайдан ынта болады?, – деген орынды сауал қояды қоғам белсендісі.

Ең қызығы, депутат өзі бюджетті бөледі, қорғайды, әкімдікке тапсырма береді, бірақ кейін өзі мердігер ретінде салық төлеушілердің ақшасын игереді. 2013 жылдан бері шаһарды басқарған 5 әкімнің көз алдында болып жатқан мұндай монополиямен ісі болмаған сыңайлы.

Сондықтан қоғамдық кеңес мүшесі мемлекеттің мүддесін қорғау мақсатында, бюджет қаражатын тиімді пайдалану және бәсекелестікті дамыту үшін осы мәселе бойынша толық әрі жан-жақты талдау жасауды, келер жылдан бастап Орал қаласының көше-жол желісін күтіп ұстау және санитарлық тазалау үшін бірнеше аумаққа бөлу мәселесін қарауды сұрайды.

Бұл ұсынысын прокуратураға, Антикорға, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне, Жоғары аудиторлық палатасына және Мәжіліске жолдап қойған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама