«Мүгедектерге жәрдемақы мен зейнетақыны қатар төлеу керек». Депутаттардың ұсынысына Дүйсенова жауап берді

Қымбат Елтайқызы

Мүмкіндігі шектеулі жандардың проблемасы көтерілді

фото: Halyq Uni

Биылғы қазанда Мәжіліс депутаттары премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға мүгедектігі бар адамдарға жәрдемақы мен зейнетақыны қатар төлеуді ұсынып, сауал жолдаған еді. Вице-премьер бұл сауалға жауап берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Мәжілісмендер «Қазақстанда әлеуметтік әлсіз топтар, жылдан жылға көбейіп жатқанын өзіңіз де жақсы білесіз. Қараусыз қалған қарттар, асыраушысынан айырылған көпбалалы отбасылар, әлде кімнің жауапсыздығынан жалғыз қалған жалғыз басты аналар, тағысын тағы тізбектей беруге болады. Бірақ солардың ішіндегі ең қорғансызы деп тәні де, жаны да жаралы – мүгедектігі бар жандарды айтуға болады. Әрине, тағдыр жаралаған адамдарда өз өмірін өзгерте қоятын таңдау жоқ екендігін барлығымыз білеміз. Алайда, сол тағдырдың алдында таңдауы жоқ адамдарға мемлекет неге қисынсыз таңдау қоятындығы түсініксіз. Ол не таңдау десеңіз, мүгедектігі бар жандар зейнет жасына келгенде не зейнетақы, не жәрдемақыны таңдауға мәжбүр. Бүгінгі депутаттық сауалымның негізгі тақырыбы – осы», деп бастады.

Жұмыспен қамтылмаған адамнан зейнетақы қорына еш қаржы түспесе, зейнетақысы қанша болатынын ойлай беріңіз. Бұл мәселенің негізін қарасақ, халықаралық еңбек ұйымының мүгедектігі, қарттығы және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша №128 конвенциясына сәйкес, жәрдемақы нақты еңбекке жарамдылық кезеңінен зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдарға беріледі. Осылайша, Кодекстің 178 бабының 2-тармағына сәйкес, зейнеткерлік жасқа толған кезде мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеу жасына байланысты тоқтатылады немесе қайта қаралады делінген. Еңбек өтілі 1998 жылдан бастап жұмыс істеген мүгедек азаматтарға, зейнетке шыққанда зейнетақы қорында жиналған қаражат қана бөлініп беріледі. Ол дегеніміз, қорға қаражат аудармайтын мүгедек жан ештеңесіз қалады деген сөз. Иә, сіздер: «мүгедек өздігінен ерікті түрде қаражат аудару керек деп айтасыздар, бірақ 95 мың теңге жәрдем ақы алатын мүгедек несін аударады? Демек, мүгедек зейнетақысыз қалады деген сөз». Сонда қалай, зейнетке шыққан мүгедек қартайған шағында құлан таза сауығып кете ме? Сіздердің ойларыңызша? Біле-білсеңіздер, үшінші топ санаттағы мүгедек адамның өзі не қолы, не аяғы жоқ адам, – деді депутаттар.

Олардың мәліметінше, бүгінде 1 ші топ 95 496 теңге, 2 ші топ 79 435 теңге, 3 ші топтағы мүгедектер 69 886 теңге жәрдемақы алады. Сол себепті әлеуметтік кодекске өзгертулер енгізу арқылы осы жәрдемақымен зейнетақыны қоса беру керек. Ондай болмаған жағдайда еңбекке қабілетті мүгедектерді жұмыспен қамту қажет.

«Егер бұл мәселенің оң шешімі табылмаса, онда еліміздегі кедейшілік шегі автоматты түрде өседі. Азаматтардың кедейшілік пайызын төмендетеміз деп жатқанда қайта өсіріп алмайық. Себебі, елімізде бір миллионға жуық мүгедек жан бар. Осы бір миллионға жуық азамат автоматты түрде кедейшілік шегіне енеді», – деді мәжілісмендер.

Осылайша, депутаттар мүгедектігі бар тұлғаларға зейнет жасқа жеткенде де жәрдемақысын тоқтатпай қоса берілуінің жүйесін қалыптастыруды ұсынды.

Парламенттің төменгі палата депутаттарына Дүйсенова келесідей жауап берді.

Мемлекет тарапынан берілетін мүгедектігі үшін жәрдемақы және жасына байланысты зейнетақы әлеуметтік төлемдердің түрлері саналады және олар әртүрлі өмірлік тәуекелдерге негізделген. Әлеуметтік кодекске сәйкес, мүгедектігі бар адам зейнеткерлік жасқа жеткен кезде оған жәрдемақы төлеу тоқтатылып, зейнетақы тағайындалады (еңбек өтіліне, алған жалақының мөлшеріне қарай). Егер де тағайындалатын зейнетақы бұрын алған жәрдемақыдан (тиісті санаттары үшін) аз болса, онда жәрдемақының мөлшеріне дейін жеткізіледі (қосымша ақылар арқылы). Ал егер мүгедектігі бар адамдар зейнеткерлік жасқа толғанда, зейнетақы алуға негіз болмаса (құқығы жоқ, объективті жағдайға байланысты жинақтаушы зейнетақы қорында жарналары жоқ, мүлдем жұмыс істемеген) мүгедектігі бойынша алып отырған жәрдемақы мөлшері сақталады. Сонымен қатар, оларға оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша қарастырылған техникалық құралдары (кресло-арба, протездік бұйымдар, ноутбуктар, есту аппараттары, ұялы телефондар және т.б.) мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен тегін және өтеусіз негізде тұрақты пайдалануға беріледі, – деді вице-премьер.

Оның мәліметінше, 2025 жылы жәрдемақы мөлшері жалпы ауруы бойынша I топ үшін 101 702 теңге, II топ - 81 362 теңге, III топ - 55 474 теңге, мүгедектігі бала кезінен болса I топ үшін 101 702 теңге, II топ – 84 598 теңге, III топ – 74 428 теңгені құрайды.

«Бұл нормалар халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Осыған орай, бір мезгілде зейнетақы мен жәрдемақыны алу бюджетке айтарлықтай ауыртпашылық түсіретінін ескеріп, қазір аталған мәселені қарастыру жоспарда жоқ екенін хабарлаймыз», – деп түйіндеді Тамара Дүйсенова.