Әкім «сақалды құрылыс» мәселесіне тоқталды
Астана басшысы Жеңіс Қасымбек қалада құрылысы ұзаққа созылған қанша үйдің пайдалануға берілетінін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Әкімнің сөзінше, жыл соңына дейін құрылысы ұзаққа созылған тағы 8 тұрғын үй кешенін аяқтауды жоспарланған. Оның ішінде 13 жылдан бері құрылысы аяқталмаған нысандар да бар.
«Араби 2 - Гранитный 2» тұрғын үй кешенінің құрылысымен таныстым. Бұл тұрғын үй кешені 11 жыл бұрын проблемалы деп танылған. «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС-ға тапсырар кезде тұрғын үй кешенінің тіпті жер учаскесі де болмаған. Жер телімін бөлу, барлық қажетті рәсімнен өту бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Қазіргі уақытта Б блогы бойынша құрылыс-монтаж жұмысы жүріп жатыр.
«Садовые кварталы» тұрғын үй кешенінің құрылысы 2011 жылы басталған. ЕҚК-ге тапсырар алдында қадалары мен шұңқыры ғана болған. Қазір екінші белгі бойынша бесінші-алтыншы блоктарда пәтерлердің ақауларын жою және оларды абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Төртінші белгі бойынша жалпы пайдалану орындарын әрлеу, еден төсеніштерін құю, әлсіз желілерді монтаждау және т.б. бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, – деп қосты қала басшысы.
Қасымбектің мәліметінше, кейінгі жылдары құрылысы ұзаққа созылған 140-тан астам тұрғын үй кешені аяқталды. 15,5 мыңға тарта үлескер отбасы көптен күткен пәтерінің кілтін алды.