×

Баянауылда су құбырына бөлінген 600 млн теңгеге жуық қаражат желге ұшпақ

Геодезиялық зерттеу жүргізілмеген, жобалық-сметалық құжатта мұндай жұмыс қарастырылмаған

 Данияр Айтпайұлы 15.06.2022 | 11:19
фотолар: Halyq Uni

Павлодар облысына қарасты Баянауыл ауданында алты ауыл сусыз отыр. Жергілікті тұрғындар елдімекендердің біріне жүргізіліп жатқан су құбырының сапасы сын көтермейтінін айтады.

Ақши ауылы – аудан орталығы Баянауылдан ең шалғай жатқан елдімекендердің бірі. Мұнда 300-ден аса халық тұрады. Тұрғындар ауыз суды тасып ішеді. Биыл жергілікті билік орталықтандырылған су жүйесін тартып беру жұмысын бастаған. Алайда, көптен күткен су құбырының құрылысы көпшіліктің көңілінен шықпай отыр. Ауыл халқы құрылыс жұмыстары сапасыз жүргізіліп жатқанын айтып, шағымданды. Олардың сөзінше, тиісті зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Салдарынан құбырды жерасты суының үстіне салуға мәжбүр. Себебі жерді қазса, 1 метрден су шығады. Суды сорғызып алуға қаражат қарастырылмаған.

Бұл ауылға су құбырын тартуға 600 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Ал тұрғындар болса, мұндай шала-шарпы жұмыс салдарынан су құбырының көпке ұзамай істен шығатынына сенімді. Қыста қатып қалады екен. Ауданда мұндай жағдайлар болған.

«Билік тарапынан бақылау болмаған соң, мәселеге тұрғындар болып өзіміз араласуға тура келді. Білуімізше, ауылымызға су құбырын тартуға қазынадан 552 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген. Қомақты қаражатқа ауылдағы 55 үйге су тартылмақ. Бірақ, жобалау жұмыстары кезінде жерге зерттеу жасалынбапты. Салдарынан қазған жердің бәрінен су шыққан. Алайда, мердігер жерасты суын сорғызып алмастан, құбырды қалай болса солай тартып жатыр. Құбырды арнайы техниканың көмегімен күшпен суға батырып, көміп жатыр. Ол қыстың алғашқы суықтарында-ақ қатып қалатыны сөзсіз. Біз тағы сусыз отырамыз. Ал қазынаның миллиондаған қаражаты желге ұшады», – дейді ауыл тұрғыны Сұңқар Аханов.

Құрылыс сапасына билік тарапынан ешқандай бақылаудың жүргізілмей отырғанын өзге де тұрғындар растап отыр.

«Тиісті органдар, әкімдік тарапынан бақылау жоқ. Техникалық бақылау қызметі бүгін ғана келді. Оған дейін болған жоқ. Құрылысшылар болса жерді арнайы техникамен ашып, құбырды тастап, үстін қайтадан батпақпен басып тастап жатыр. Мердігерге бәрібір. Ақшасын алып кетеді. Ал ауыл халқы тағы да сусыз қалады», - дейді Ақши ауылының тұрғыны Данияр Ахмедин.

Жерасты суын сорғызуға қаражат қарастырылмағанын аудан басшылығы да растап отыр. Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Руслан Мәкішевтың айтуынша, геодезиялық зерттеу жүргізілмеген. Жобалық-сметалық құжатта мұндай жұмыс қарастырылмаған. Ал ол құжатқа өзгеріс енгізу қосымша қаржыны талап етеді.

Әкімдік өкілдері «су құбырының 5 жылдық кепілдік мерзімі бар, кемшілік болса мердігер түзетеді» деп арқаны кеңге салып отыр. Ал тұрғындар бұған сенбейді. Себебі, мұндай жағдай Баянауыл ауданында алғаш рет қайталанып тұрған жоқ. Өткен жылы аудан бойынша 6 ауылға су құбыры тартылып, соңы аяқсыз қалған болатын. Салдарынан аталған ауылдар әлі күнге дейін сусыз отыр. Ал әкімдік мердігерді сотқа берген. Әзірге нәтиже жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама