Маңғыстауда қаржы пирамидасын ұйымдастырушы 1 млрд теңге иемденген

Қымбат Елтайқызы

Оған халықаралық іздеу жарияланды

фото: Halyq Uni

Маңғыстау облысында Sax Invest қаржы пирамидасын ұйымдастырушы 1 млрд теңгеден астам қаражат иемденген, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, қаржы пирамидасы бөлімшесінің басшысы ұсталды.

ҚМА Маңғыстау облысы бойынша департаменті өңірде Sax Invest қаржы (инвестициялық) пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған тұлғалар тобына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Sax Invest компаниясы өзін инвестициялық қор, бағалы қағаздарды, қаржы құралдарын және басқа да активтерді ұстаушы, сондай-ақ Африкадағы алмаз өндіру жөніндегі жаһандық халықаралық жобаның қатысушысы ретінде көрсетті. Компания тіркеуден өтпеген және қаржы нарығында қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар ұйымдар тізілімінде жоқ, – деп қосты ведомство.

Sax Invest қызметі қаржы пирамидасына тән белгілерге ие болды:

  • жылдық 24-36%-ға дейін жоғары кірістілік уәдесімен бұқаралық ақпарат құралдарында және интернетте агрессивті және жаппай жарнаманың болуы;
  • ұйымның қаржылық жағдайы, меншікті негізгі құралдары, басқа активтері туралы қандай да бір ақпараттың болмауы.

2018 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде 1000-нан астам пирамида салымшысы 1 млрд теңгеден аса қаражат аударған.

Облыс прокуратурасының үйлестіруімен пирамиданың құрылымдық бөлімшесін басқарған ҚР азаматы күдікті ретінде құрықталып, УҰИ-ге қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

Филиалдары республика бойынша жұмыс жасаған Sax Invest қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы С.Меңдіғалиевке халықаралық іздеу жарияланды. Сондай-ақ, елордада Sax Invest компаниясы директорының қолға түскені жайында бұрын хабарланған болатын. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр, – деп қосты агенттік.

«Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл» арнайы жобасы жүзеге асырыла бастағаннан бері Qnet, World Business Consulting, Finiko, Antares/Antares Trade, Sincere Systems Group/S-Group, Hermes LTD, Life is good, Chia Tai Tianding/Chia Tai Pharmaceutical, Energy Eolus Oazqstan/Eolus сияқты қаржы пирамидаларының құрылымдық бөлімшелерінің ұйымдастырушылары жауапкершілікке тартылды.

«Егер сіз және сіздің жақындарыңыз аталған қаржы пирамидасының қызметіне тап болсаңыз, тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хабарласуыңызды сұраймыз. ҚМА адам ақша салғысы келетін компанияны қаржы пирамидасының белгілеріне тексеруге мүмкіндік беретін телеграм ботты іске қосты.

Сонымен қатар, мұндай құқық бұзушылықтар үшін ашылған барлық жалған жобалар тізімі Агенттік сайтында жарияланған. Азаматтарды қырағы болуға және өз жинақтарын күмәнді қаржы ұйымдарына салмауға шақырамыз», – деп түйіндеді мамандар.