Halyq Uni логотип
×

Антикор қызметкері Қытайдан келген қандастан 10 млн теңге бопсалаған

Ол аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін бас бостандығынан айырылды

 Халық үні 15.11.2024 | 19:43
Антикор қызметкері Қытайдан келген қандастан 10 млн теңге бопсалаған
фото: Halyq Uni

Желіде Қытайдан келген Уәли Ыбырай есімді азаматты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қаласы бойынша департаментінің қызметкері бопсалады деген ақпарат тарады, деп хабарлайды Halyq Uni Halyqstan Telegram-арнасына сілтеме жасап.

Арна мәліметінше, Қытайдан келген қандас агенттік қызметкері Бақжан Мүталиев пен оның досы Бекнар Аманбаевқа «қарыз» болып шыққан. Бекнар Аманбаев аралас жекпе-жектен Еуразия және ТМД елдерінің және джиу-джитсудан екі дүркін ел чемпионы болған. Сондай-ақ жаттықтырушылықпен де айналысқан.

Жәбірленуішінің досының айтуынша, Уәли Ыбырай 2013 жылы отбасын Қытайдан тарихи отанына көшіріп, өзі сол елде қалған. Арада 10 жыл өткен соң ол отбасымен қауышуы керек еді. Дегенмен Қытай билігі оның құжаттарын алып қойған. Сондықтан ол Қазақстанға заңсыз көшіп, баспана сұраған.

Әйелінің шағын кәсібі бар еді. Ыбырай логистикамен, жүк тасымалымен айналысып, зауыттан ZEEKR маркалы автокөліктерді жеткізуші қызметін атқарды. Осы жұмыстарды істеп жүрген кезде одан әлдекімдер 100 мың доллар (50 миллион теңгеге жуық) мен үш ZEEKR автокөлігін талап етіп, бопсалады. Егер сұраған нәрсесін бермесе, дене жарақатын саламыз деп қорқытқан. Ол өз өмірі үшін алаңдап, полицияға хабарласуымды өтінді. Құқық қорғау органдары істі қабылдап, тергеуді бастады. Бірақ біраз уақыт өткен соң тергеуші бопсалаушыларды босатқаны үшін пара алып жатқан жерінен ұсталды. Бір қызығы, бопсалаушылар жазадан құтылып кетті, – деді жәбірленушінің досы.

Оның айтуынша, осы оқиғадан кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Уәли Ыбырайды куәгер ретінде жауап алу үшін іздеген.

Ыбырайды агенттік қызметкері Бақжан Мүталиев дереу жеткізуді тапсырыпты. Қытайға қайтарып жібере ме деп қорыққан Ыбырай үйіме келді. Мен оны тыныштандырып, оған көмектесетін адам барын айтып, Бекнар Аманбаевпен таныстырдым. Алайда мен Аманбаевтың Мүталиевтің ескі танысы екенін білмедім. Ол Ыбырайға тұруға ықтиярхат пен ЖСН алып беруге уәде еткен еді. Бірақ ол делдал болып, Мүталиевке одан ақша алуға көмектескен. Олар жасалмаған жұмыс үшін Уәли Ыбырайдан 50 мың доллар сұрады. Алайда досымда ондай ақша жоқ еді, – дейді жәбірленушінің досы.

Айтуынша, сол кезде бұрынғы бопсалаушылар да Ыбырайдың ізіне түсіп, тұратын жерін тауып алған.

Бопсалаушылардан қорыққан азамат Аманбаевты соманы 20 мың долларға (10 миллион теңгеге жуық) дейін азайтуға көндірген. Белгіленген күні ол бар болғаны 15 мың доллар (7 миллион 500 мың теңгеге жуық) жинағанын хабарлаған. Аманбаев ақша үшін келіп, бірақ бар болғаны 10 мың долларды (5 миллион 500 мың теңгеге жуық) алып, 5 мың долларды (2 миллион 500 мың теңгеге жуық) Уәли Ыбырайға «саған керек болып қалады» деп қалдырып кеткен. Ақшаны алғаннан кейін Аманбаев пен оның сыбайласы ұсталды.

Сот мәліметінше, антикор қызметкері кінәсін жоққа шығарды. Ал спортшы кінәсін ішінара мойындады.

Антикор мәліметінше, Алматы қаласы Медеу аудандық №2 сотының төрағасы Айгүл Маликова іс бойынша жинақталған материалдар олардың кінәсін толық дәлелдеді деп есептеген.

Қызметтік бабын пайдаланып, аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін Бақжан Мүталиев 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын орташа режимдегі түзеу колониясында өтейді. Қылмысқа қатысқаны, пара алғаны және алаяқтық жасағаны үшін Бегнар Аманбаев 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу колониясында өтейді, – делінген хабарламада.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама