Президент декларация тапсыруға қатысты мәлімдеме жасады
Үкіметке тапсырма берілді
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сөз сөйлеп, бірқатар маңызды мәселені көтерді. Солардың бірі – декларация, деп хабарлайды Halyq Uni.
Біз Әділетті Қазақстанды құру жолында нақты қадамдар жасап жатырмыз. Барлық саладағы жұмыстың ашық болуына көңіл бөліп отырмыз. Осы орайда, азаматтарымыздың табысын жаппай декларациялаудың мән-маңызы зор. Бұл талап 2021 жылдан бері біртіндеп енгізіліп жатыр. Алғашқы үш кезеңде 4 миллионнан астам адам декларация тапсырды. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектордағы басшылар, кәсіпкерлер мен осы санатқа кіретін азаматтардың жұбайлары бар, – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаевтың айтуынша, келесі жылы тағы 8 миллионға жуық адам декларация тапсырады деп жоспарланып отыр. Алайда, бір мәселені ескеру керек.
«Жаппай декларация тапсыру тұжырымдамасы осыдан 14 жыл бұрын қабылданған. Содан бері елімізде цифрландыру ісі және финтех саласы қарқынды дамып келе жатыр. Түрлі мемлекеттік мекемеге ортақ мәліметтер базасы пайда болды. Қаржы әрі салық бақылауы күшейді. Демек, осындай ауқымды өзгерістерден кейін төртінші, яғни, соңғы кезеңде азаматтарды декларация тапсыруға міндеттеу қаншалықты орынды деген сұрақ туады. Үкімет бұл мәселені жан-жақты пысықтауы қажет», – деп түйіндеді ол.