Биылғы республикалық бюджет тапшылығы – 3,6 трлн теңге
Мәжіліс депутаттары 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Депутат Татьяна Савельеваның айтуынша, заң жобасы екі негізгі бағыт бойынша республикалық бюджет көрсеткіштерінің өзгеруіне байланысты әзірленген.
Біріншіден, 2024 жылға арналған кірістердің нақтыланған болжамы бекітілген жоспардан 2 триллион теңгеге төмендеуімен байланысты. Бұл ретте мақсатты трансферт түрінде Ұлттық қордан қосымша 2 триллион теңге тарту жоспарланып отыр, – деді Татьяна Савельева.
Оның айтуынша, республикалық бюджеттің шығыстары мен тапшылығының параметрлері Үкімет енгізген түзетулерді ескере отырып және 2023 жылға арналған 61,3 млрд теңге көлеміндегі бюджет қалдықтарын пайдалана отырып өзгертілген.
Осылайша, республикалық бюджеттің нақтыланған шығыстары бекітілген көрсеткішке қатысты 61,3 млрд теңгеге өседі. Биылғы республикалық бюджет тапшылығы 3,6 трлн теңгені қамтиды, – деді депутат.