Halyq Uni логотип
×

Елімізде онлайн-несие алаяқтығына қарсы жаңа күрес шаралары әзірленді

Қауіпсіздік күшейеді

 Қымбат Елтайқызы 13.11.2024 | 11:29
Елімізде онлайн-несие алаяқтығына қарсы жаңа күрес шаралары әзірленді
фото: Halyq Uni

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк қызметін реттеу мәселелері жөніндегі кейбір нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізетін қаулы жобасын әзірледі, деп хабарлайды Halyq Uni.

Дәлірек айтсақ, алаяқтықтың алдын алу бойынша қосымша шараларды қамтамасыз ететін өзгеріс енгізілді. Мәселен, банк интернет арқылы банктік қарыз шарты жасалғанға дейін клиенттің ұялы байланыс құрылғысының абоненттік нөмірі туралы деректерді енгізеді. Көрсетілген нөмірге бір реттік пароль жібереді, және идентификаттау деректерін алмасу орталығының қызметтерін пайдалану арқылы немесе банк құрылғылары арқылы алынған биометриялық деректерді пайдаланып, клиентке биометриялық идентификаттау жүргізеді. Бұл мәліметтер мен құжаттардан басқа, банктік қарыз бойынша клиентке мынадай ақпарат ұсынады:

  • банктік қарыз беру мерзімі;
  • банктік қарыздың шекті сомасы мен валютасы;
  • сыйақы мөлшерлемесінің түрі: тіркелген немесе өзгермелі, егер сыйақы мөлшерлемесі өзгермелі болған жағдайда есептеу тәртібі;
  • сыйақы мөлшерлемесінің жылдық пайызбен мөлшері және оның клиент жүгінген күнге дәйекті, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі мөлшері (нақты құны);
  • банк пайдасына банктік қарыз алуға және оған қызмет көрсетуге (өтеуге) байланысты комиссиялардың, тарифтердің және өзге де шығыстардың толық тізбесі мен мөлшері;
  • банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелер орындалмаған жағдайда клиенттің жауапкершілігі мен тәуекелдері;
  • қарызды қамтамасыз ету туралы шарт тарабы саналатын кепіл берушінің, кепілгердің, кепілдік берушінің және өзге де тұлғаның жауапкершілігі.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген клиентті биометриялық идентификаттауды жүргізу жайлы талап берілген банктік қарыз сомасы шегінде төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру үшін төлем карточкасын пайдалануды көздейтін интернет арқылы банктік қарыз шарты жасалған жағдайда қолданылмайды.

Бұған қоса, басқа да қауіпсіздікті күшейту шаралары қарастырылды. Осы шаралар қамталған құжат 26 қарашаға дейін жария талқылау үшін «Ашық НҚА» сайтында жарияланды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама