Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі белгілі болды
Ресми статистика жарияланды
Ұлттық статистика бюросы еңбек нарығындағы жағдай туралы деректер ұсынды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бюро мәліметінше, 2024 жылғы III тоқсанда республика экономикасының әртүрлі саласында 9 233,8 мың адам жұмыспен қамтылды. Олардың 7 020,1 мыңы (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 76%) жалдамалы қызметкер болса, 2 213,7 мың адам (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 24%) – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. 15 және одан жоғары жастағы халыққа шаққандағы жұмыспен қамту деңгейі 65,2% құрады.
Қазақстандағы Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша есептелген (табысты кәсібі (жұмысы) болмаған, оны белсенді іздеген әрі жұмысқа кірісуге дайын) жұмыссыздық деңгейі 4,6% құрады. 15-34 жастағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,1% құрады, – деп қосты ведомство.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 2024 жылғы қазанның соңында 298,9 мың жұмыссыз ресми тіркелген. Тіркелген жұмыссыздар үлесі жұмыс күшінің 3,1%-ын құрады.