Ақтөбеде 1,3 млрд теңгеге салынған веложолдан арада жыл өтпей олқылықтар шыға бастады

Ербол Тұрымбет

Құрылыс барысында 310 млн теңгесі жымқырылған болып шықты

Фото: facebook/Дидар Смагулов

Ақтөбеде 1 млрд 327 млн теңгеге салынған жаңа веложол құрылысынан 310 млн теңгеден астам қаражат жымқырылған. Бұл жайт аудит есебі барысында анықталған. Бұл туралы қоғамдық белсенді Дидар Смағұлов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Оның жазуынша, бұл жобаға көптен бері қалада инфрақұрылымды дамытуды талап етіп жүрген жергілікті велосипедшілер назар аударған. Олар жолды жаңбыр мен қар астында салып жатқаннан-ақ наразылық білдірген. Қазір сол веложол бұзыла бастаған.

Жергілікті Антикор біздің шағымымыз бойынша тиісті тергеу жұмыстарын жүргізіп, жазда қаладағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушыға қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлімі, 2-тармағы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша істі сотқа жіберді. Облыс әкімі де қылмыстық іс қозғалғанға дейін сот арқылы мердігерден сапалы жұмыс талап еткен, – деп жазды Дидар Смағұлов.

Смағұловтың жазуынша, шарт құнының 25%-на жуығы бәзбіреулердің қолында кеткен.