Автодилерлер көлік сатқанда қосымша аксессуар алуға заңсыз мәжбүрлеп келген

Ербол Тұрымбет

Бәсекелестікті қорғау агенттігі бірнеше автосалонға қатысты шара қолданды

Фото: Halyq Uni

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Астана Моторс» моторлық компаниясы, «Orbis Auto», «Mercur Autos», «Toyota Tsusho Kazakhstan», «Автоцентр Актобе», «Zhayik Motors», «Евразия Моторс Шымкент» және басқа да компанияларға қатысты монополияға қарсы шаралар қабылдады. Бұған автодилерлердің тұтынушыларды қосымша жабдық, аксессуар және басқа да қызметті сатып алуға міндеттегені себеп болған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Агенттіктің араласқан соң автокөлік сатушыларға қатысты антимонополиялық шаралар қабылданып, бұл мәжбүрлі сату тәжірибесін қысқартуға көмектескен. Бұл жалпы автокөлік құнын арттырып, тұтынушылардың таңдау мүмкіндігін шектеп келген еді.

Еске сала кетейік, 2022 жылы жаңа автокөліктердің тапшылығы аясында жеңілдікпен автонесиелеу бағдарламасы іске қосылғаннан кейін, қазақстандықтар автодилерлерден дабыл жүйесі, кілемше, дефлектор, картер қорғағыштары және басқа да аксессуарларды сатып алуға мәжбүр болған.

Атап айтқанда, автосалондар сатып алушыларға 2 млн теңгеге дейінгі қосымша жабдықтарды сатып алуға келіссе, автокөлікті тезірек жеткізіп беруді (жеткізу мерзімін алты айдан үш айға дейін қысқартуды) ұсынған. Бұл тәжірибе көп жағдайда автокөлік бағасының айтарлықтай қымбаттауына әкеп соққан.

Мысалы, Алматы қаласындағы ресми дилерлердің бірі «Toyota» автокөліктерінің 82%-ын қосымша жабдықтармен сатқан, ал олардың бағасы 3 млн теңгеге жеткен. Белгілі бір санаттарда үстеме баға 200%-дан асып түскен, – деп жазылған ресми мәлімдемеде.

Кейбір автодилерлер несиеге автокөлік сатып алу кезінде тұтынушыларды өмірі мен денсаулығын сақтандыруға міндеттеген, бұл Азаматтық кодекстің (АК 806-бап – азаматтың өмірін немесе денсаулығын сақтандыру міндетін ҚР заңнамалық актілері немесе шарттары жүктемейді) нормаларына қайшы келеді.

Сондай-ақ ресми дилерде қызмет көрсету міндеттеліп, басқа сервистік орталықтарда мотор майын және басқа да шығын материалдарын ауыстыруға тыйым салынатын жағдайлар жиі кездеседі.

Сонымен қатар басқа автосервистерде реттеу жұмыстарын жүргізіп, бұл жұмыстардан көлік ақаулары шықпаса да кепілдік қызмет көрсетуден бас тарту – жосықсыз кәсіпкерлік тәжірибе саналады. 

Жалпы, автодилерлердің бұл әрекеттері бәсекелестікке кедергі келтіріп, нарыққа теріс әсер етеді. Өйткені сатып алушылар қосымша жабдықты немесе қызмет көрсетуді үшінші тараптан, соның ішінде детейлинг орталықтарынан, арнайы дүкендерден немесе қызмет көрсету орталықтарынан сатып алу мүмкіндігінен айырылады. Бұл олардың сату көлемін төмендетеді, – деп жазылған агенттік мәлімдемесінде.

Салыстырмалы талдаудан белгілі болғаны – мұндай тауарлар мен қызметтерді ұсынатын үшінші тараптарда бағалар орта есеппен 20-30%-ға төмен.