«Төлемдер» «субсидияларға» айналады. Баспана жалдау ақысын субсидиялаудың жаңа тәртібі әзірленді
Жаңа ережеде жақын туыстардан баспананы жалға алуға болмайды
Қазақстанда тұрғын үйге жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялаудың жаңа тәртібі әзірленді, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжай үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер тағайындау және жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Өнеркәсіп және құрылыс министрі міндетін атқарушының 2024 жылғы 17 маусымдағы № 221 бұйрығының күшін жоймақ.
«Ашық НҚА» порталында жарияланған жоба жаңа тәртіпті бекітуді көздейді.
Қолданыстағы ережелерде азаматтарға жалдау ақысы үшін бюджет қаражатынан өтемақы болып табылатын «төлемдер» ұғымы қолданылатын. Жаңа ережеде ол «субсидиялар» терминімен ауыстырылған. Субсидиялар – жеке тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалдауға (жалға алуға) ақы төлеу мақсатында төлемдерді алушыларға бюджет қаражаты есебінен төленетін өтемақы түрінде өтеусіз негізде тағайындалатын мемлекеттік қолдау. Төлемдерге коммуналдық төлемдер бойынша қамтамасыз ету және жалға алынған тұрғынжайды күтіп-ұстау жөніндегі өзге де шығыстар қосылмайды.
Субсидия алуға құқығы бар санаттар өзгеріссіз қалады:
1) бірінші және екінші топтағы мүгедектер;
2) мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
3) кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған жиырма тоғыз жасқа жетпеген жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
4) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар.
Отбасының құрамына байланысты субсидия төлемдерін жүзеге асыру көлемдері өзгермеген:
отбасы мүшелерінің саны 1-ден 3-ке дейінгі отбасы үшін – 40 шаршы метрден артық емес;
отбасы мүшелерінің саны 4-тен 5-ке дейінгі отбасы үшін – 60 шаршы метрден артық емес;
отбасы мүшелері саны 6 және одан көп обасы үшін – 80 шаршы метрден артық емес.
Сондай-ақ, алаңы үлкен тұрғынжайды жалдаса, жалға алынатын тұрғынжай алаңының 50%-ы ғана төлеуге жатады.
Жалдау бөлігін субсидиялауды тоқтату негіздері кеңейтілмек. Оларға «жақын туыстарынан тұрғын үйді жалға алу фактісін анықтау» тармағы қосылды.
Соған сай «жақын туыстар» ұғымын нақтылау алынып тасталады. Жаңа редакцияда «жақын туыстары мен жұбайларынан, оның ішінде бұрынғы жұбайларынан, сондай-ақ ерлі-зайыптылардың жақын туыстарынан тұрғын үйді жалға алуға жол берілмейді» деп жазылған.
Ал қазіргі ережеге сәйкес, «жақын туыстары мен жұбайларынан, оның ішінде бұрынғы жұбайларынан, сондай-ақ ерлі-зайыптылардың жақын туыстарынан тұрғын үйді жалға алуға жол берілмейді. Осы тармақта жақын туыстарының қатарына ата-аналар (ата-аналар), балалар, асырап алушылар, асырап алынған адамдар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері кіреді.