Астаналықтар 3 жылда ақылы автотұраққа 726 млн теңге төлеген
Қаржының басым бөлігі жеке компанияға аударылған
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Астанада ақылы автотұрақтар саны көбейгенін, одан түскен қаржының қалай игеліріп жатқаны түсініксіз екенін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Депутаттық сауал премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолданды.
Астанада аттап бассаң ақы төлеуге тура келеді. Себебі, адам көп баратын орталық және іскерлік аудандарда ақылы тұрақ болады деген желеумен басталған жоба тұтас қаланы «тұтқынға алды». Қазір Астанада 7 216 ақылы автотұрақ бар. Оны жыл соңына дейін 10 мыңға жеткізу жоспарда бар. Әр сағаты – 100 теңге. Сол ақылы тұрақтардан алынатын ақшада жекеменшік компанияның үлкен үлесі бар. Ақылы автотұрақтардың ақысын төлемесең айыппұл салады, сомасы 10 мың теңгеден асады, – деді Нартай Сәрсенғалиев.
Оның айтуынша, 2018 жылдан 2022 жылға дейін ақылы автотұраққа төленген қаржының 95%-ы жеке компанияға тек 5%-ы мемлекетке түскен.
Мысалы, 2021 жылы Астанадағы ақылы автотұрақтарға азаматтарымыз 90 млн 994 мың 105 теңге, ал 2022 жылы 152 млн 466 мың 542 теңге төлеген. Бұл халықты қанау емес пе? 2022 жылдың желтоқсанында ақылы тұрақ үшін төленген ақшаның 75%-ы жеке серіктеске, ал 25%-ы мемлекетке түседі деген шешім қабылданды. Мемлекеттік мекеме құрып қаржыны толық мемлекетке түсірудің орнына бұл міндеттің неге жеке компанияға берілгені түсініксіз. 2021 жылдан 2024 жылды қоса алғанда азаматтарымыз Астанадағы ақылы автотұрақтарға 725 млн 995 мың 427 теңге төлеген. Соның 617 млн 315 мың 439 теңгесі жеке серіктестікке төленген, тек 108 млн 679 мың 988 теңге қала бюджетіне түскен, – деді депутат.
Нартай Сәрсенғалиевтің пікірінше, ақылы автотұраққа қаладағы кейбір жер учаскелері заңсыз берілген.
Ақылы автотұрақтарға коммерциялық орталықтар, қоғамдық орындар тіпті, құрылыс нормасы мен қағидасын бұза отырып, әлеуметтік объектілерге келушілерге арналған жерлер де берілді. Тұрғындары тиісті кондоминиум рәсімдеп үлгермеген тұрғын үй алабы мен тыныш ауданда да ақылы тұрақтар пайда болды. Астанадағы саябақтар мен тұрғын үй кешендерінің айналасында ақылы тұрақтан аяқ алып жүру мүмкін емес, – деді ол.
Депутат ақылы автотұрақтың ақысын төлемегендерге салынған айыппұл көлемі де қорқынышты екенін айтты.
Мысалы, 2021 жылдан 2024 жылды қоса алғанда Астандағы ақылы автотұрақтың ақысын төлемегені үшін тұрғындарға 5 млрд 839 млн 114 мың 176 теңге айыппұл салынған. Халық төлемеймін демейді, аумағы ат шаптырым автотұрақтардың бір бұрышына ғана қойылған тақтайшаны көру мүмкін болмағандықтан төлемей кетеді. Қалай десек те, көлік мінген халықты ақылы автотұрақ арқылы қанау үлкен қателік, – деді Нартай Сәрсенғалиев.
Оның пікірінше, бейнебақылау камераларына қатысты жағдай да мәз емес.
Тек Астана қаласында 13 мың камера бар. Солар арқылы салынған айыппұл да айғайлап тұр. 2017 жылдан 2024 жылдың бірінші жарты жылдығын қоса алғанда бейнебақылау камералары арқылы халыққа 45,3 млрд теңге айыппұл салынған. Соның 26,5 млрд теңгесі жеке компанияға түскен. Халықтың қалтасындағы қаржыны опырып алу, оның бір бөлігін жеке компанияларға беру заңды ма?, – деді депутат.
Осыған байланысты ол бірінші вице-премьерге өз ұсынысын айтты:
1. Ақылы автотұрақтарды көліктер ең көп жиналатын іскерлік аудардарда ғана қалдырып, қалғанын қысқарту керек. Тұрғын үйлер мен саябақтардың аумағында ақылы тұрақ болмауы қажет.
2. Ақылы көлік тұрақтарын қадағалайтын мемлекеттік операторды құру керек. Оған дейін мемлекет пен жеке меншік сектордың серіктестігі туралы шарттардың талабын қайта қарап, жекеменшік компанияға тұрақ аумағын күтіп ұстау, жолын жөндеу қызметін жүктеу қажет.
3. Ақылы автотұрақта тегін тұру уақытын кемі 30 минутқа жеткізу керек.
4. Бейнебақылау камералары арқылы салынатын айыппұлдарды кемі 2 есе азайту керек.
5. Бейнебақылау камераларын қоятын, бақылайтын мемлекеттік оператор құру керек. Оған дейін мемлекет пен жеке меншік секторының серіктестігі туралы қазіргі шартты қайта қарау керек.