Бұл ақшаның не үшін берілетіні белгілі болды
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ауылдық жерлерде сапалы медициналық көмек көрсету туралы айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Алыс аудандар тұрғындарына медициналық қызмет көрсетуді жеткізіп, денсаулық сақтау жүйесін қайта құру – президенттің тапсырмасы. Осыған орай, биылғы жылдың 9 айында Қарағанды облысының ауылдарында 14 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 27 нысан, ал келесі жылы 51 нысан ашылады. Теміртау мен Балқаштағы екі ауданаралық ауруханада жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр, – деді аймақ басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сондай-ақ, оның айтуынша, білікті дәрігерлерді ауылдық жерлерде жұмыс істеуге тарту үшін көтерме ақының көлемі 1,5 миллион теңгеден 8,5 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Қазірдің өзінде 63 маман осы мүмкіндікті пайдаланған. Жыл соңына дейін тағы 20 маман ауыл халқына қызмет көрсетуге аттанады.