Halyq Uni логотип
×

Швейцария Қазақстанға заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға көмектеседі

Тараптар үкіметаралық меморандумға қол қойды

 Динара Амантай 06.11.2024 | 11:21
Швейцария Қазақстанға заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға көмектеседі
Фото: Бас прокуратураның баспасөз қызметі

Қазақстан мен Швейцария қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету және заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы келісімге қол жеткізді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бас прокуратураның мәліметінше, ведомство басшысы Берік Асыловтың 5 қарашада Бернге жасаған сапары барысында Швейцарияның Бас прокуроры Штефан Блаттлермен және Швейцарияның Федералдық әділет офисі директорының орынбасары Лоренс Фонтана Юнгомен келіссөздер жүргізген. Тараптар қылмыстық істер бойынша халықаралық құқықтық ынтымақтастықтың және заңсыз активтерді қайтарудың тетіктерінің тиімділігін арттырудың өзекті мәселелерін талқылады.

Бас прокурор Блаттлер мен директордың орынбасары Фонтана Юнго Қазақстанға заңсыз шығарылған активтерді қайтару және халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерінде қолдау көрсетуге дайын екендіктерін растады. Швейцария Әділет басқармасының өкілдері Қазақстанның қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы Еуропалық конвенцияға қосылуға деген ұмтылысын қолдады, – делінген хабарламада.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету жөнінде өзара түсіністік туралы үкіметаралық меморандумға қол қойды. Меморандум екі елдің қылмыстық істер бойынша дәлелдемелер мен ақпарат алмасу, соның ішінде заңсыз шығарылған активтерді қайтару рәсімдерін жеделдетуді көздейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама