Өңірде алаяқтық жағдайлары жиілеген
Ақмола облысының прокуратурасы дропперлерді қатысуымен жасалатын алаяқтық фактілері жиелегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ақпаратқа сәйкес, негізгі схемалар қаржылық операциялармен байланысты іске асырылады. Бұл ретте дроппер заңсыз алынған ақшаны алаяқтарға аудару үшін өзінің банк карталарын немесе қаржылық шоттарын береді, осылайша нақты қылмыскерлердің іздерін жасырады.
Мұндай фактілердің жолын кесу үшін Бас прокуратура мен Жоғарғы Сот ҚР АК 953-бабы тәртібінде негізсіз байытуға байланысты «дроппер» ақша қаражатын өндіріп алу тетігін әзірледі. Бүгінде Ақмола облысы бойынша жалпы сомасы 84 млн теңгеге талаптарды қанағаттандыру туралы 64 шешім шығарылды, сондай-ақ облыс соттарында осыған ұқсас 50 өтініш қаралып жатыр, – делінген прокуратура хабарламасында.
Бұл ретте дроппер алаяқтыққа тікелей қатысы анықталған жағдайда олар қатысушы ретінде қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны атап өтілді.
Алаяқтықтан басқа, есірткі сатудан алынған ақшаны жылыстату үшін азаматтардың банктік шоттарын қолдану фактілері болуы мүмкін. Бұл жағдайда азаматтар аса ауыр қылмысқа қатысушы болады. Мұндай схемаларға қатыспау үшін «жеңіл» жұмыс ұсыныстарына абай болып, жеке банктік деректерді бермеуді және күдікті ұсыныстар туралы құқық қорғау органдарына хабарлауыңызды ұсынамыз, – делінген прокуратура хабарламасында.