1 млрд теңге жымқырған қаржы пирамидасы басшысына сот үкімі шықты

Динара Амантай

Үкім заңды күшіне енген жоқ

Фото: Halyq Uni

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында аса ірі көлемде бірнеше рет алаяқтық жасаған, қаржы пирамидасын құрған алаяқтарға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сотта анықталғандай, айыпталғандардың біреуі бірнеше ЖШС басшысы бола тұра, 2020 жылдың шілдесінен 2023 жылдың қазанына дейінгі аралықта құрылыс материалдарын жеткізіп беремін деген желеумен 11 компанияның 114 млн теңгеден астам қаржысын жымқырған.

2021-2022 жылдары қаржы пирамидасын құруға К. мен Т. ны қылмыстық топқа тартқан. Кәсіпкерлік қызметті имитациялау үшін Х. бірнеше ЖШС сатып алып, оларға жалған азаматтарды директор етіп тағайындап, олардың атынан компанияның қызметі туралы ақпарат таратып, инвестицияланған қаражаттан сыйақы алуға уәде берген, – делінген іс материалдарында.

Қаржы пирамидасының қызметі салымшылардың ақшасын қайта бөлу жолымен, яғни кейінірек салынған қаражатты бұрын ақша салғандарға беру арқылы қамтамасыз етілген.

Айыпталушы 2021 жылдың шілдесінен 2023 жылдың мамырына дейін өзі бақылайтын компаниялар арқылы 90-нан аса адаммен «несие», «инвестициялық» және «ақылы қызмет көрсету» шарттарын жасап, олардан 1 млрд теңге алған.

Сотталушылардың кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, сараптамалардың қорытындысымен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді.

Сот үкімімен:

Х.-ға ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігінің 2)-тармағымен және 217-бабының 3-бөлігінің 2)-тармағымен кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды;

Қ.-ға ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігі –217-бабының 3-бөлігінің 2)-тармағымен кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды;

Т.-ға ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігі –217-бабының 3-бөлігінің 2)-тармағымен кінәлі деп танылып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – делінген сот хабарламасында.

Сондай-ақ оларға азаматтардың қаражаты мен инвестицияларын тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан 6 жыл мерзімге айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.