Halyq Uni логотип
×

Банкке қарызы бар қазақстандықтардың саны 9 млн-ға жуықтады

Халықтың банк алдындағы жалпы қарызы 22,7 трлн теңгеге жетті

 Ербол Тұрымбет 04.11.2024 | 17:48
Банкке қарызы бар қазақстандықтардың саны 9 млн-ға жуықтады
Фото: Halyq Uni

Қазанның басындағы жағдай бойынша еліміздегі әр түрлі несие ұйымындағы жеке тұлғалардың жалпы несие портфелі 22,7 трлн теңгеге жеткен. Бұл қатарда банктер, микроқаржы ұйымдары, ломбардтар бар. Бірінші несие бюросының жазуынша, оның ішінде негізгі қарыз, есептелген сыйақы және есептен шығарылған келісімшарттар да бар, деп хабарлайды Halyq Uni.

ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАР НЕСИЕСІ БИЫЛДЫҚҚА 15,8% ӨСКЕН

Биыл жеке тұлғалар несиесі 15,8% өскен. Бюро мәлімдеуінше, бұл былтырғы осы кезеңіндегі өсімнен (18,3%) аз. Сондай-ақ биылғы тұтынушылық инфляция да (5,7%) 2023 жылмен (7,2%) салыстырғанда бәсеңдеу болған.

Бұл тек жалпы өсімге ғана емес, басқа көрсеткіштерге де әсерін тигізіп отыр. Мәселен, биылғы 9 айда қарыз алушылар саны 3,5%-ға өскен. Ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 4,7% болған.

Жалпы қарыз алушылар саны қазір 8 млн 935 мың адамға жеткен.

Келісімшарттар санының көбею қарқыны да төмендеген. Қазанның басына дейін олардың саны 10,7%-ға артып, 37,3 млн-ға жетті. Ал былтыр дәл осы уақытта өсім 14,4% болған. Бұл динамикаға МҚҰ портфеліндегі жалақыға дейінгі шағын несиелердің азаюы да әсер еткен. Бұл қарыздар 50 АЕК-ке (тамыздың соңынан бастап 45 АЕК-ке) дейін және ең арысы 45 күнге ғана беріледі, - деп жазылған бюро мәлімдемесінде.

КЕПІЛСІЗ НЕСИЕЛЕР 11,15 ТРЛН ТЕҢГЕГЕ ЖЕТТІ

Кепілсіз тұтынушылық несиелерге келсек, оның портфелі 11,15 трлн теңгеге жеткен. Бұл жыл басынан бері 17,1%-ға артқанын білдіреді. Әйтсе де былтырғы сәйкес кезеңдегі 21,1%-дық өсімнен біршама төмен.

Ал келісімшарттар саны 30,7 миллионға жетіп, жыл басынан бері 13%-ға көбейді. Мұнда да өсім көрсеткіші өткен жылдағыдан 16,2% кем.

Кепілсіз тұтынушылық несиесі бар қарыз алғандар саны 8,1 миллион адам. Есептей қарасақ, жыл басынан бері 3,9%-ға өскен. Былтыр осы аралықта бірден 6% өскен еді.

Сайып келгенде, 1 қазанда орташа статистикалық қарыз алушының кепілсіз тұтынушылық несие бойынша қарызы 1 миллион 370 мың теңгені құрап отыр. Бұл жыл басындағы жағдайдан 12,8% жоғары.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама