×

65 миллионның тендері: Ақмола облысында мәслихат хатшысы кәсіпкерлікпен айналысып келген

Мемлекеттік қызметкер ақша жымқырудың жолын тапқан

 Айнұр Шошаева 14.06.2022 | 14:45
коллаж: Halyq Uni

Ақмола облысында мәслихат хатшысы мемлекеттік қызметтен бөлек, кәсіпкерлікпен айналысып, аудандық білім бөлімінің тендерлерін алып отырған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Ақмола облысы Целиноград аудандық мәслихатының хатшысы Ләззат Қонарбаеваның атына екі бірдей жекеменшік компания – «Айшвария» ЖШС пен «Спектр-2016» ЖШС тіркелген. Қазақстанның мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңына сәйкес, мәслихат хатшысы – тұрақты негізде жұмыс істейтін лауазымды тұлға. Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңында мәслихат хатшысын коммерциялық қызметпен айналысқан жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделген. 

Мәслихат хатшысының атына тіркелген «Айшвария» ЖШС 2022 жылғы 28 қаңтарда 50 455 900 теңгеге мемлекеттік сатып алу келісімін жасаған. Келісім білім беру саласындағы қызмет бойынша жасалып, бүгінгі таңда 22 677 811 теңгеге жұмыстың орындалу актісіне қол қойылған. Бұдан бөлек порталдан бұл компанияның 2021 жылғы 2 наурызда жасаған келісім шарттың сомасын 37 852 687 теңгеден 45 913 822 теңгеге дейін ұлғайтуға (8 061 135 тг.) қосымша келісім жасағанын көруге болады. 

Сонымен бірге Ләззат Қонарбаева мемлекеттік қызметтегі лауазымды тұлға бола тұрып, «Спектр-2016» ЖШС директоры ретінде балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қызметтер бойынша 19 013 000 теңгеге мемлекеттік сатып алу келісім шартын жасады. Осылайша, Целиноград аудандық мәлихаты хатшысының компаниясы 65 917 035 теңгенің тендерін алды. 

«Әділдік жолы» РҚБ бұл фактілер анықталған жағдайда мемлекеттік қызметте жүрген мәслихат хатшысы жұмыстан шығарылатынын айтады.  

Ләззат Қонарбаева өзінің кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысумен қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп пайымдауға негіз бар. Қонарбаева лауазымды тұлға, сонымен қатар жоғарыда аталған ЖШС құрылтайшысы және бірінші басшысы болып отыр. Бір көзден негізсіз жасалған шарттар түрінде және конкурс өткізбестен артықшылыққа ие болды. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу туралы заңда жоқ тармақтар бойынша шарттар жасасты, - дейді «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов. 

Сондай-ақ ол аудандық білім бөлімі мәслихат хатшысының компаниясына басымдық берді деген пікірде.  

«Целиноград ауданы бойынша білім бөлімі» ММ басшылығы Ләззат Қонарбаеваға басымдық берді деп есептейміз. Себебі мекеме басшылығы Қонарбаевамен өкілді органның жоғары лауазымы - Целиноград ауданы мәслихатының хатшысы бола тұрып, аудандық білім бөліміне ықпалын жүргізуі мүмкін. Нәтижесінде тек Целиноград ауданы бойынша білім бөлімімен бір көзден негізсіз шарттар жасалды», - деп қосты қоғамдық ұйым өкілі. 

Айта кетейік, қоғамдық ұйымның өтініші негізінде Антикор мәселені бақылауға алды. Қазір процессуалдық шешім шығару және құқық бұзушылықты анықтау үшін іс Ақмола облысының Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жолданды.

Қоғамдық ұйым Ақпарат министрлігінің тендерінен бірқатар кемшілік тапты. Халық үнемге көшті: Президент пен Үкімет әкімшілігінің ғимараттар дирекциясы 60 млн теңгеге ет сатып алмақ. ОСК референдум жарнамасы үшін БАҚ-қа 383 млн теңге төлеген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама