Оны қағаз жүзінде инженер ретінде тіркеп қойған
Астанада директордың үйін салған ер адам 4 жыл бойы ұлттық компаниядан жалақы алып келген, деп хабарлайды Halyq Uni.
Астанада ұлттық компания филиалының директорына қатысты үкім шықты. Ол ұйым үшін ауыр зардаптарға әкеп соқтырған қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды.
Ұлттық компания филиалының директоры – А. есімді азамат өзінің досын қағаз жүзінде инженер ретінде тіркеп қойған. Сәйкесінше компаниядағы жұмыстың орнына ол А.-ның нұсқауымен 2019 жылдың қарашасынан 2023 жылдың шілдесіне дейін өз саяжайының құрылысына тартылған. Бұл ретте ол ұлттық компаниядан 4 жыл бойы еңбекақы алған.
Жауапкердің заңсыз әрекеттерінің салдарынан акционерлік қоғамға еңбекақы және жұмысқа байланысты басқа да төлемдер түріндегі 21 066 027 теңге көлемінде аса ірі көлемде залал келтірілген, – делінген сот хабарламасында.
Сотталушы өз кінәсін мойындамай, қылмыстық құқықбұзушылық құрамының жоқтығына байланысты ақтауды сұрады. Алайда оның кінәсі куәгерлердің көрсетулерімен, банк аударымдары туралы анықтамалармен, сараптама қорытындысымен, тексеру актісімен, сондай-ақ жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен дәлелденді.
Сот жаза тағайындау кезінде екі жас баласының болуын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.
Нәтижесінде сот филиалдың бұрынғы директорын мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.