Қазақстанның сыртқы қарызы жарты жылда 1,6 трлн теңгеге артқан
Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов осыған байланысты дабыл қақты
Сенат депутаты Сұлтанбек Мәкежанов Қазақстанның мемлекеттік қарызының өсуіне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сенатор премьер-министр Олжас Бектеновке мемлекеттік қарыздың өсіп жатқаны және елдің қаржы ресурстарын басқаруды жетілдіру қажеттігін айтып, депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, кірістермен қамтамасыз етілмеген мемлекеттік шығындардың ұлғаюы бюджет тапшылығы мен мемлекеттік қарыздың өсуіне әкеп соғады.
Соңғы 5 жылда жалпы мемлекеттік қарыз жылына 12 пайыз өсіп, жалпы ішкі өнімнің өсу қарқынына жақындады. Бірінші жартыжылдықта ғана мемлекеттік қарыз 28,7 трлн теңгені қамтып, жарты жылдың ішінде 1,6 трлн теңгеге өсті, – деді депутат.
Сондай-ақ ол 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы есеп бойынша, мемлекеттік қарызға қызмет көрсету құны 2014 жылдан бері ЖІӨ-нің 0,6 пайызынан 2,7 пайызға дейін өскенін атап өтті.
2025 жылы мемлекеттік қарызды өтеу және оған қызмет көрсету шығындары 6,1 трлн теңге көлемінде болды. Ал бұл ұлттық қордан түсетін трансферттерді есептемегенде, республикалық бюджеттің барлық кірістерінің 38 пайызын немесе барлық шығыстардың 24 пайызын қамтиды, - деді Сұлтанбек Мәкежанов.
Сенатордың пікірінше, мемлекеттік қарызды және қарыз алуды қазіргі басқару үлгісі мемлекеттік шығындардың тұрақсыз өсуіне әкелуі мүмкін. Осыған байланысты ол Үкіметке мемлекеттік шығыстардың өсіміне мониторинг пен бақылауды күшейтіп, жалпы мемлекеттік қарызды және квазимемлекеттік сектордың қарызын басқарудың нақты тұжырымдамасын белгілеуді ұсынды.