Қылмыс видеоға түсіп қалған
Ақтауда ұрылар клинингтік қызмет көрсету кейпімен пәтерлерді тонаған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, ер адам мен әйел клинерлер кейпіне еніп, 8 пәтерді тонап кеткен.
Жәбірленушілер сақшыларға жүгінгеннен кейін қылмыскерлер тез арада ұсталды. Олардың кінәсі тәркіленген ұрланған мүлікпен және мойындау айғақтарымен дәлелденіп отыр. Күдіктілер Ақтау қаласының бұрын есірткі сақтағаны әрі ұрлық жасағаны үшін бірнеше рет сотты болған 39 жастағы тұрғыны мен оның 43 жастағы танысы болып шықты, – делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта екі фигурант та қамауға алынды. Тергеу әрекеттері жүргізіліп, олардың басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
ІІМ пәтерлерді тазарту қызметтері бойынша тек сенімді клинингтік компанияларға жүгінуді ұсынады.
«Мүлікті қорғаудың ең тиімді жолы – тазалау процесін бақылауда ұстау. Егер мұндай мүмкіндік болмаса, онда үй-жайдан құнды заттарды алып кеткен жөн. Бейнебақылау камераларын қолдану да өзекті. Егер пәтерді тазалап болғаннан кейін сіз заттарыңыздың жоғалғанын байқасаңыз, дереу клинингтік компания қызметкерлеріне және басшылығына хабарласыңыз. Егер жоғалған мүлік қайтарылмаса әрі табылмаса, онда полицияға жүгіну қажет», – деді ведомство.