Протондық терапия орталығы құрылысын аяқтауға да қаржы бөлінетін болды
Онкологиялық науқастарды емдеуді қаржыландыру үшін қосымша 25 миллиард теңге бөлінеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Депутаттың айтуынша, бюджет жобасында онкологияны емдеуге бөлінетін қаржыны 20 миллиард теңгеге, ал онкогематологияға бөлінетін қаражатты 5 миллиард теңгеге қысқарту туралы ұсыныс болған.
Алайда біз бұл қысқартуға қатаң түрде қарсылық білдіріп, қосымша қаражат бөлу туралы түзету енгіздік. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлескен жемісті жұмысымыздың арқасында онкологиялық науқастарды емдеуді қаржыландыру үшін қосымша 25 миллиард теңге бөлу туралы түзетуіміз қолдау тапты. Бұл – өте қуанышты және маңызды жаңалық, - деп жазды депутат.
Айтуынша, Ұлттық онкология орталығындағы протондық терапия орталығы құрылысын аяқтауға 4,2 миллиард теңге бөлу туралы ұсыныс та қабылданды.
Қазір Орталық Азияда протондық терапия орталығы жоқ, сондықтан біздің пациенттер қымбат ем алу үшін шетелге баруға мәжбүр. Қазақстанда бұл орталық жыл сайын 300-ден астам науқасқа өмір сүруге мүмкіндік беріп, шетелде емделуге қажетті үлкен шығындардан босатады, - деді Аймағамбетов.
Айта кетейік, елімізде қыркүйекте 11-13 жастағы қыздарға адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцина салу басталды. Мамандардың айтуынша, АҚШ-та өндірілген вакцина АПВ-ның 4 түріне қарсы қуатқа ие. Бұл жатыр мойны обырының алдын алу үшін жасалып жатқан шара. Ел бойынша 175 мың жасөспірім қызға вакцина салынуы керек.